Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев түркі елдеріне тиімді болатын бірнеше ұсыныс білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шавкат Мирзиёев ұйым аясында жасанды интеллект саласындағы стратегиялық ынтымақтастық желісін қалыптастыру қажет екенін айтты.
Бұл механизм жаңа экономикалық өсім нүктелерін айқындауға, бұлтты және кванттық есептеу технологияларын дамытуға, сондай-ақ заманауи ортақ цифрлық кеңістік құруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Соңғы жылдары Өзбекстан шетелдік инвесторлармен бірге дата-орталықтар құруға 6 миллиард доллар инвестиция тартқан.
Біз аймақтағы дата-орталықтарды жоғары жылдамдықты байланыс арналары арқылы біріктіретін «Цифрлық түркі дәлізі» тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынамыз, - деп атап өтті Мирзиёев.
Сонымен қатар Ташкентте мүше мемлекеттердің қатысуымен технологиялық форум өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Екіншіден, ғылым, білім және жастар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.
Ташкентте құрылған Ислам өркениеті орталығы бүгінде ортақ ғылыми және рухани мұрамызды зерттейтін ірі аймақтық ғылыми-ағартушылық орталыққа айналып келеді. Бұл кешенде ТҮРКСОЙ ұйымының кеңсесінің ашылуын құптаймыз, - деді Президент.
Сондай-ақ Қазақстанмен бірлесіп құрылып жатқан венчурлық қорға ұйым елдерін қосылуға шақырды.
Үшіншіден, көлік байланысын жақсарту үшін цифрлық логистикалық платформаларды дамыту маңызы туралы сөз етті.
Бұл жүк тасымалын бақылауды жетілдіріп, логистикалық процестерді үйлестіруге мүмкіндік береді, - деді ол.
Төртіншіден, ұйым аясында спутниктік деректер негізінде климаттық қауіптерді бақылау жүйесін құру маңызды деп есептейтінін айтты.
Қуаңшылықты ерте анықтау, топырақтың тозуы мен мұздықтардың еруін тұрақты бақылау қажет, - деді ол.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, терроризммен, экстремизммен және жат ағымдармен күресті нығайту маңызды.
Әсіресе киберқауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірген президент Түркі киберқауіпсіздік альянсын құру бастамасын ұсынды.
Егер біз жаңа дәуірде елдеріміздің интеллектуалдық әлеуеті мен күшін біріктіре алсақ, түркі әлемі тұрақты даму мен озық шешімдердің кеңістігіне айналары сөзсіз, - деп аяқтады сөзін Мирзиёев.
Еске салайық, Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен түркі мемлекеттері көшбасшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді.
Президент Қазақстанда «Digital Qazaqstan» ауқымды стратегиясы бекітілетінін айтты.
Тоқаев Turkic AI орталығы ашылатынын хабарлады.
Саммитте Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық база жасалатыны айтылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға және білікті мамандарға арналған «алтын виза» енгізудің себебін түсіндірді.
Түркі мемлекеттері ұйымы елдеріне бірлескен ғарыш жобалары іске қосылуы мүмкін екені айтылды.