- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Украинадағы соғыс аяқтала ма? Келіссөзге дейінгі текетірес күшейді
Украинадағы соғыс аяқтала ма? Келіссөзге дейінгі текетірес күшейді
Сарапшы Ресей мен Украина қақтығысы, АҚШ пен Еуропа позициясы мен соғыстың аяқталуының Қазақстанға әсерін талдап берді.
Бүгiн 2026, 15:53
Әлем саясатындағы негізгі ойыншылар Украинадағы соғыстың аяқталуына қатысты түрлі сценарийлерді талқылап жатыр. АҚШ әскери және қаржылық қолдау мәселесін қайта қарап жатса, Ресей өз шарттарын алға тартуын жалғастырып отыр. Ал Еуропа елдері қауіпсіздік пен аймақтағы ықпал тепе-теңдігін сақтауға алаңдаулы. Саясаткер, қоғам және кәсіподақ қайраткері Асхат Асылбеков BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Украина - Ресей қақтығысының бүгінгі көрінісі туралы айтып берді.
"Соғыстың аяқталуы екіталай"
Асхат Асылбековтің сөзінше, соғыстың тез арада толық аяқталуы әзірге екіталай.
Қазір майдандағы жағдай әскери ғана емес, дипломатиялық және саяси кезеңге де өтті. Барлық тарап – Ресей, Украина, АҚШ және Еуропа - болашақ келіссөздер алдындағы позицияларын күшейтуге тырысып жатыр. Сондықтан "соғыс бітеді" деген мәлімдемелердің бір бөлігі ішкі және сыртқы аудиторияға арналған саяси сигналдар деуге болады, - дейді саясаткер.
Бірақ Асылбековтің сөзінше, ұзаққа созылған қақтығыстан шаршау да байқалады.
Ресей де, Батыс та үлкен экономикалық және геосаяси шығын көріп отыр. Сондықтан алдағы кезеңде толық бейбітшілік емес, уақытша тоқтату, "қатып қалған конфликт" немесе кезеңдік келісім форматы ықтимал көрінеді. Осыңдай кезде біз саяси лидерлердің психологиясын ескеру керекпіз. Путинге тек жеңіс керек. Егер Ресей тоқтаса, ішінде небір құбылыстар және саяси шиеленістер басталады. Сол үшін жоғары айтқандай, соғыс тоқтамайды, - дейді ол.
АҚШ позициясы
Асхат Асылбековтің сөзінше, АҚШ-тың стратегиялық мақсаты түбегейлі өзгерген жоқ: Ресейдің ықпалын шектеу және Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасын сақтау. Бірақ тактикалық деңгейде өзгерістер бар.
Трамп президенттікке келгеннен кейін АҚШ-тың саясаты өзгерді. Вашингтон қазір соғысты шексіз қаржыландыру моделінен гөрі, Украинаға келіссөздер арқылы тиімді позиция қамтамасыз етуге көбірек назар аудара бастады. Қаруды бұрынғыдай тегін бермей сатып отыр. АҚШ ішінде де Украинаға бөлінетін қаржыға қатысты пікірталас күшейді. Украинадағы НАБУ (Украина ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы) жемқорлықпен күресіп, Зеленскийдің қасында жүрген Ермакқа іс ашуға дайын, - дейді сарапшы.
Саясаткердің сөзінше, НАБУ АҚШ-тың саясатын өткізіп отыр. Әсіресе сайлау циклі жақындаған сайын "Америка бірінші кезекте өз экономикасымен айналысуы керек" деген көзқарас күшейіп келеді.
Жақында Зеленскийдің бұрынғы баспасөз хатшысы Мендель белгілі америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында Украина президенті туралы жағымсыз сөздер айтты. Ол да Зеленскийды орнынан ауыстыру туралы үлкен жоспардың белгісі, - дейді ол.
Дегенмен Асхат Асылбектің сөзінше, бұл Украинадан толық бас тарту деген сөз емес.
АҚШ үшін Украина мәселесі тек аймақтық соғыс емес, Қытайға, НАТО-ға және бүкіл әлемдік тәртіпке қатысты үлкен геосаяси мәселе болып қала береді.
Ресей қандай жағдайда соғысты тоқтатады?
Саясаткердің сөзінше, Ресейдің негізгі мақсаты - қауіпсіздік және геосаяси ықпал мәселесін өз пайдасына бекіту. Мәскеу кем дегенде қазіргі бақылауындағы территориялардың мәртебесін мойындатуға және Украинаның НАТО-ға кіру перспективасын шектеуге ұмтылады.
Сонымен қатар, Ресей Батыстың санкциялық қысымын әлсіретуді де қалайды. Яғни Кремль үшін соғысты тоқтату тек атысты доғару емес, соғыстан кейінгі жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мәселесімен байланысты. Бірақ Ресей де толық жеңіске жете алған жоқ. Сондықтан Мәскеу де ұзақ соғыстың экономикалық және демографиялық салдарын сезіне бастады, - дейді Асхат Асылбек.
Киев қандай компромиске баруы мүмкін?
Саясаткердің сөзінше, Украина үшін ең ауыр мәселе - ол территориялық тұтастық. Киев ресми түрде өз территорияларынан бас тартпайды.
Бірақ шынайы саясатта уақытша компромистер болуы мүмкін. Кезінде Солтүстік және Онтүстік Корея арасындағы соғыс компромисс шешіммен аяқталды. Осы жағдай Украинада қайталануы әбден мүмкін. Мысалы, соғысты уақытша тоқтату немесе кейбір даулы аймақтардың мәртебесін кейінге қалдыру. Оған қосымша, халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алу және НАТО-ға мүшеліктің орнына ерекше әскери серіктестік форматына келісу, - дейді саясаткер.
Алайда сарапшы Украина қоғамында да, саяси элитасында да үлкен эмоциялық және тарихи жара барын атап өтті.
Сондықтан кез келген компромисс ішкі саяси дағдарыс туғызуы мүмкін. Территориядан бас тарту үшін олар Конституцияға өзгерістер енгізуі керек. Оған Зеленский дайын емес. Осы себептен ол да соғысты әрі қарай жалғастыруға мәжбүр болады, - дейді саясаткер.
Еуропа позициясы
Асхат Асылбеков Шығыс Еуропа елдері, әсіресе Польша мен Балтық мемлекеттері Ресейді басты қауіп ретінде көреді және Украинаға қатаң қолдауды жалғастыруды қолдайтынын айтады.
Ал Батыс Еуропада, әсіресе кейбір саяси және бизнес топтар арасында, соғыстың экономикалық салдарына алаңдау күшейді. Энергия бағасы, инфляция, өндірістік шығындар және миграциялық қысым Еуропа экономикасына әсер етті. Оңшыл партиялар Украинаға көмекті тоқтату керек деген талаптарын күшейтіп жатыр, - дейді ол.
Соған қарамастан, саясаткердің сөзінше, Еуропа Украина мәселесіне келгенде толық бөлініп кетті деу артық болады.
Негізгі консенсус - Украинаға қолдау жалғасады, бірақ оның формасы мен көлемі туралы пікірталас күшейеді. Тағы бір маңызды мәселе және талап - ол жемқорлықпен күресу.
Батыста "Украинадан шаршау" байқала бастады ма?
Саясаткердің батыста белгілі дәрежеде "Украинадан шаршау" байқала бастады.
Бұл әсіресе қоғам ішінде және популистік партиялар арасында көрініп отыр. Ұзақ соғыс, экономикалық қиындықтар, инфляция және салық төлеушілердің шығындары Батыс қоғамында сұрақтар туғыза бастады, - дейді сарапшы.
Асхат Асылбеков "шаршау" автоматты түрде Украинаны қолдаудан бас тарту дегенді білдірмейтінін айтады.
Батыс елдері үшін бұл соғыс халықаралық құқық, шекаралардың мызғымастығы және қауіпсіздік жүйесі мәселесімен байланысты. Сондықтан қолдау жалғасады, бірақ прагматикалық сипат күшейеді, - дейді ол.
Соғыстың аяқталуы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?
Асхат Асылбековтің сөзінше, Қазақстан үшін ең маңыздысы - тұрақтылық пен көпвекторлы сыртқы саясатты сақтау. Ал соғыстың бәсеңдеуі немесе аяқталуы Қазақстанға бірнеше бағытта әсер етуі мүмкін.
Біріншіден, санкциялық және логистикалық қысым әлсіресе, аймақтық сауда мен транзит тұрақтанады. Бұл Қазақстан экономикасына пайдалы болуы мүмкін. Екіншіден, Қазақстанға геосаяси қысым азаюы ықтимал. Соғыс кезінде Астана Ресей, Қытай, Батыс және Түркия арасындағы өте күрделі тепе-теңдікті сақтауға мәжбүр болды, - дейді саясаткер.
Үшіншіден, соғыстың нәтижесіне қарай посткеңестік кеңістіктегі күш балансы өзгеруі мүмкін.
Егер Ресей әлсіресе, аймақта жаңа ықпал орталықтары күшейеді. Тіпті, Ресей ыдырап кетуі мүмкін деген болжамдар айтылып отыр. Ресей халқы көтерілуі мүмкін, өйткені соғыс басталғанда жоспарлар басқаша болған. Мыңдаған адамдардың өлімі үшін және қиратылған зауыттар үшін кім жауап береді?, - дейді Асхат Асылбеков.
Егер Ресей өз позициясын сақтап қалса - Мәскеудің интеграциялық жобаларға ықпалы жалғасады және Қазақстанға қысым көбейеді.
Қазақстан үшін негізгі сабақ - экономикалық және технологиялық тәуелсіздікті күшейту, транзиттік бағыттарды әртараптандыру және ұлттық қауіпсіздік институттарын нығайту. Себебі қазіргі әлемде геосаяси тұрақсыздық ұзақ мерзімді факторға айналып барады. Өзіміздің өндірісімізді аяққа қойып, нағыз тәуелсіздікке бағыт алу керекпіз. Өндіріс және азық-түлік қауіпсіздік бірінші орында тұр, - деп түйіндеді Асхат Асылбеков.
Ең оқылған:
- Алматылық әйел онкология институтындағы сараптама нәтижесін бір ай күткен
- Бағдаршамның қызыл түсіне жүгіріп шыққан: Астанада көлік қаққан жасөспірімнің жағдайы ауыр
- «Түркі бауырластығынан» қомақты қаржыға дейін: Қазақстанға Түркиямен одақ құру және ТМҰ не үшін қажет?
- Шетелде жасырынып жүрген 4 қазақстандық елге жеткізілді
- Қазақстанда мұғалімдерге қатысты заң қабылданды: Енді не өзгереді?
Сымбат Сатыбалдина