Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадр даярлау және озық технологияларды енгізу аса маңызды. Сондықтан түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орнын ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технологиялар саласы бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырудың маңызын да атап өтті.
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарапынан қаржылай қолдау көрсетуге болады. Биыл қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшкен. Оның жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті, ал болашақта оны ұлғайту мүмкіндігі бар. Сондықтан қор барлық стартаптарға қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды жұмыс істеуі тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті бірлесіп жүзеге асыруға шақырамын,- деді Тоқаев.
Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар деген ол Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT-хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды.
Орталыққа Turkic AI атауын беріп, оны Alem.AI халықаралық орталығында орналастыруға болады, - деді ол.
Еске салайық, Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен түркі мемлекеттері көшбасшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Түркістандағы жаңа мешітті аралап көрді.
Президент Қазақстанда «Digital Qazaqstan» ауқымды стратегиясы бекітілетінін айтты.