Министр: Алдағы 3 жылда болашақ дәрігерлерге грант көбейеді

22 Қараша 2022, 10:27
1315
Бөлісу:
Министр: Алдағы 3 жылда болашақ дәрігерлерге грант көбейеді

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70 пайызға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан басқа, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында келесі үш жылда жергілікті атқарушы органдар өңірде аса тапшы мамандықтар бойынша 4 мыңға жуық резидентура грантын бөлуді жоспарланып отыр. Мәселен, 2023 жылы – 900 грант, 2024 жылы – 1260 грант, 2025 жылы – ҚР бойынша жергілікті атқарушы органның 1800 гранты, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін пилоттық жобаның пысықталып жатқанын алға тартты. 

Биыл практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1872 жас маман, оның ішінде ауылға – 444 дәрігер бөлінді. Осылайша, тапшылықты жабу  46% пайызды құрады, - деді министр Ажар Ғиният. 

Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау ведомствосының басшысы ел аумағындағы ауыл тұрғындары көбінесе қандай ауруға ұшырайтыны туралы айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы