Meta компаниясы аборт жөнінде кеңес беретін және ЛГБТ тақырыбындағы контент жариялайтын жаһандық аккаунттарды жаппай бұғаттады. Әлемнің түрлі елдеріндегі 50-ден астам ұйым өз парақшаларының өшірілгенін немесе шектелгенін мәлімдеді. Белсенділер бұл жағдайды соңғы жылдардағы ең ауқымды цензура толқындарының бірі деп бағалап отыр. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақпаратқа сәйкес, бұғаттаулар қазан айынан басталып, Facebook, Instagram және WhatsApp платформаларындағы аккаунттарға әсер еткен. Шектеулерге абортқа қатысты кеңес беретін ұйымдар, ЛГБТ қауымдастығы топтары және репродуктивті денсаулықпен айналысатын ұйымдар ұшыраған. Кейбір ұйымдар он мыңдаған адамға қызмет көрсеткен.
Meta-ның мұндай әрекеттері Еуропа мен Ұлыбританиядағы ұйымдармен қатар, Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыстағы әйелдермен жұмыс істейтін топтарды да қамтыған.
Цифрлық цензураны бақылайтын Repro Uncensored үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, биыл гендерлік теңдік, денсаулық сақтау және репродуктивті құқықтармен айналысатын ұйымдарға қатысты 210 аккаунтты өшіру немесе қатаң шектеу тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп.

Алайда Meta цензураны күшейтті деген айыптауларды жоққа шығарды. Компанияның мәлімдеуінше, барлық ұйым мен қолданушы бірдей ережеге бағынады, ал белгілі бір топқа қатыстылығына байланысты әдейі қысым көрсетілді деген пікірлер негізсіз.
Соған қарамастан, белсенділер Meta-ның бұл әрекеттері АҚШ-тағы бұрынғы саяси кезеңдегі көзқарасты жаһандық деңгейге көшіріп отырғанын айтады. Кейбір ұйымдар контенттің «көлеңкелі бұғаттауға» ұшырағанын, яғни ескерту жасалмай-ақ көріну ауқымы күрт шектелгенін хабарлады.
Сонымен қатар, абортқа қатысты жедел желілердің WhatsApp-та бірнеше рет жабылып, қайта ашылғаны, ал кей аккаунттардың мүлде жойылғаны айтылды. Meta кейбір аккаунттардың қателікпен бұғатталғанын мойындап, олардың бір бөлігін қалпына келтіргенін хабарлады.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі мәселе – шағымдану және апелляция жүйесінің тиімсіздігі. Белсенділер Meta-ның түсіндірмелері нақты емес, ал диалогқа баруға ниетсіз екенін алға тартады.