Сенатта Қазақстандағы майнингті реттеу жөніндегі заңдарға түзетулер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат депутаттары Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер, ақпараттандыру және соттық әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды талқылады.
Құжаттар Қазақстандағы цифрлық активтер мен майнинг қызметін дамыту жөнінде құқықтық база жасау, субъектілердің қызметіне салықтық мониторинг пен бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті жүктеу мақсатында әзірленді.
Сенатта бұған дейін заңдарды талқылау барысында осы заңдарға өзгерістер енгізілген болатын. Ондағы түзетулер цифрлық майнердің қызметін жарнамалау нормаларын алып тастауға, 2023 жылы цифрлық майнингті жүзеге асыруға лицензиялық алым төлеу рәсімдерін айқындауға және жекелеген нормалардың қолданысқа ену мерзімдерін белгілеуге қатысты болған еді.