Олимпиада чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері Михаил Шайдоров алдағы халықаралық жарыстарын белгіледі. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 2026/2027 жылғы маусымдағы беделді ISU Гран-при сериясының екі кезеңіне қатысады және әлемдік мәнерлеп сырғанаудың бірқатар жетекші спортшыларымен кездеседі, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігі sports.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы жарыс Францияда өтеді
Шайдоров үшін алғашқы турнир 23-25 қазан аралығында Анже қаласында өтетін Grand Prix de France болмақ.
Ерлер арасындағы жекелей сырғанауда қазақстандық спортшымен бірге келесі қатысушылар бақ сынайды: француз Адам Сяо Хим Фа, эстондық Александр Селевко, итальялық Николай Мемола, жапондықтар Као Миура мен Сота Ямамото, оңтүстіккореялық Минкю Со,тсловак Адам Хагара, сондай-ақ америкалықтар Джимми Ха және Джейкоб Санчес.
Франциядағы турнир маусымның күзгі бөлігіндегі ең бәсекелі жарыстардың бірі болмақ және спортшылардың маусымаралық үзілістен кейінгі дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.
Екінші кезең – Қытайда
Қазақстандық спортшы үшін келесі жарыс 6-8 қараша аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Cup of China турнирі болмақ.
Шайдоровтың қарсыластарының қатарында келесі спортшылар бар. Олар грузиялық Ника Эгадзе, жапондықтар Као Миура мен Сюн Сато, оңтүстіккореялықтар Ча Джун Хван және Минкю Со, латвиялық Денис Васильевс, америкалықтар Люциус Казанецки және Джейкоб Санчес. Бұдан бөлек, өз айдынында Қытайдың үш өкілі өнер көрсетеді, олардың екеуі әзірге анықталған жоқ.
Тарихи мәртебе
Михаил Шайдоров жаңа маусымға әлемдік мәнерлеп сырғанаудың көшбасшыларының бірі ретінде қадам басып отыр. 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында ол ерлер арасындағы жекелей сырғанауда 291,58 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды.
Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи оқиға болды. Шайдоров ел қоржынына тәуелсіздік тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарының екінші алтынын салды (бұған дейін 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов топ жарған болатын).
Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық спортшы бесінші орында тұрған еді, алайда еркін бағдарламада бес бірдей төрттік секіруді сәтті орындап, турнирдің басты фавориттері — америкалық Илья Малинин мен жапондық Юма Кагияманы басып озды.
Спортшының дайындығына 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Алексей Урманов жетекшілік етеді.
Енді жанкүйерлердің назары күзгі Гран-при кезеңдеріне аударылады, онда Шайдоров жаңа халықаралық маусымды қазіргі Олимпиада чемпионы мәртебесінде бастайды.
Еске салайық, бұған дейін Шайдоровтың жалақысына қатысты дау туындап, министр мәселенің қалай шешілгенін айтқан болатын.
Тағы оқи отырыңыздар:
Олимпиада чемпионы жалақысыз қалды ма? Еңбекмині дауға қатысты үн қатты
Қазақ суретшісі кілемге Михаил Шайдоровтың суретін салды
Михаил Шайдоров костюмін Олимпиада музейіне тапсырды