+44°C дейін ыстық: Синоптиктер ескерту жасады
Бүгін, 31 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыз құбылыстары күтіледі. Осыған байланысты «Қазгидромет» 17 облыста дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің әр өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, қатты жел, шаңды дауыл және аптап ыстық болады. Кейбір аймақтарда ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі.
Ең жоғары температура Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркелмек. Бұл өңірлерде күндіз ауа +40…+44 градусқа дейін ысиды. Сонымен қатар Алматы, Жетісу, Маңғыстау, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау және басқа да облыстарда +35…+39 градус аралығында қатты ыстық күтіледі.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында найзағай ойнап, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр. Желдің екпіні жекелеген аудандарда секундына 23–28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ал Атырау мен Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Түркістан облысының жекелеген аудандарында шаңды дауыл тұрады.
«Қазгидромет» мәліметінше, көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және басқа да облыстардың бірқатар аумағында өрт қаупінің деңгейі өте жоғары болады.
Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруін ескеріп, қауіпсіздік шараларын сақтауға, аптап уақытта күн астында ұзақ жүрмеуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға кеңес береді.