Шайдоровтың жалақысына қатысты дау: Министр мәселенің қалай шешілгенін айтты

Ербол Мырзабосынов спортшымен жасалған келісімшарттың стандартты екенін айтып, жауапты тұлғалар әкімшілік жазаға тартылғанын мәлімдеді.

 olympic.kz/Сабиров Сали 9 Маусым 2026, 12:27
9 Маусым 2026, 12:27
720
Фото: olympic.kz/Сабиров Сали

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Михаилмен жасалған келісімшартқа қатысты мәселе шешілді. Бұл – стандартты келісімшарт. Оған тек Олимпиада чемпиондары ғана емес, барлық спортшылар қол қояды. Біз оны БАҚ қысымымен бір адамға арнап жеке өзгерте алмаймыз, – деді министр Үкіметте өткен брифингте.

Журналистер министрден туындаған жағдай үшін кім жауапкершілікке тартылатынын сұрады.

Біз Михаилмен бірге келісімшартты қарап шықтық және екі тарап та тиісті қорытынды жасады. Байланыс пен түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Михаилге қатысты мәселе толық шешімін тапты. Қазір оның жаңа маусымға дайындалуына назар аудару маңызды. Екі тараптағы орындаушылар мен менеджерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп жауап берді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоровпен жасалған келісімшарттың өзге спортшылардың келісімдерінен еш айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ ведомство басшысы спортшының Олимпиададан тағы медаль жеңіп алу міндеттемесінің бар-жоғына тоқталды. 

Олимпиада чемпиондары болсын немесе деңгейі төмендеу спортшылар болсын, бәріне бірдей міндеттемелер қарастырылған. Бұл – типтік келісімшарт. Ол қандай да бір қаржыны кері қайтаруды міндеттемейді, – деді Ербол Мырзабосынов. 

Еске салайық, бұған дейін Олимпиада чемпионының жалақысыз қалғаны туралы дау әлеуметтік желіде талқыға түскен болатын. Михаил Шайдоров берген сұхбатында бірнеше ай бойы жалақы алмағанын, оның ішінде 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін де төлем жасалмағанын айтқан болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Туризм және спорт министрлігінің атына сын айтылды. 

Тағы оқи отырыңыз: Спортты дамыту дирекциясы Шайдоровтың жалақысы туралы мәлімдеме жасады 

Мәселе шешілді: Спорт министрлігі Шайдоровқа қатысты мәлімдеме жасады 

Наверх