Жүк пойызы төрт адамды басып кетті: Сот теміржолдың үш қызметкеріне үкім шығарды

Қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы төрт адамның өмірін қиды. Сот кінәлілерге қандай жаза тағайындады?

31 Шілде 2026, 11:54
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 31 Шілде 2026, 11:54
31 Шілде 2026, 11:54
421
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Шу аудандық соты теміржолда төрт қызметкердің қаза болу оқиғасы бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
 
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» аралығында орын алды. Онда жүк поезы теміржол сүйемелін жөндеумен айналысып жатқан бригаданы басып кеткен.
 
Жұмыстар аралықты жаппай және қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамай жүргізілген. Пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы уақытылы ескертілмеген.

Басып кету салдарынан төрт қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды.
 
Соттың 2026 жылғы 9 шілдедегі үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
 
Бұдан бөлек, үшеуіне де теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
 
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды транспорттық прокуратура қолдады.
 
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, сондай-ақ Қарағанды облысында 28 жыл еңбек еткен теміржолшыны пойыз қағып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Ер адам шұғыл тежегіш басылғанына қарамастан қаза тапты.

Наверх