Күзет қызметі жоқ мектептер бар. Көлгінов Петропавл мектебіндегі жағдай туралы айтты

14 Ақпан 2023, 12:58
1437
Бөлісу:
Күзет қызметі жоқ мектептер бар. Көлгінов Петропавл мектебіндегі жағдай туралы айтты
Фото: © коллаж: Әсел Балтақызы

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін кулуарда мектептердегі қауіпсіздік мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Петропавлдағы жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі шұғыл комиссия құрды. Комиссия мүшелері Петропавлға кетті. Қазір олар қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ полиция тергеу жүргізіп жатыр. Осыдан соң нақты шаралар қабылданады. Алайда бұл мектепте (Петропавлдағы №4 орта мектеп – ред.) бейнекамералар болғанымен лицензиясы бар күзет қызметі болмаған, - деді Алтай Көлгінов.

Үкімет басшысының орынбасары барлық мектепте бейнекамера болуы міндетті екенін айтты.

Біз әкімдіктерге барлық мектепте бейнекамералар болуға тиіс деп талап қойып отырмыз. Әсіресе, қалаларда, аудан орталықтарында осы камералар полицияның Жедел басқару орталығына қосылуы шарт. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек, - деп түсіндірді Көлгінов кулуарды.

Сондай-ақ турникеттерге де талап қойылған. 

Алайда бұл талапты барлық өңір орындамаған. Мұны айтуымыз керек. Сол себепті қазір  барлық өңірдегі мектептерге және білім басқармаларына ревизия жүргізіп, барлығын стандартқа сәйкес келтіруге тиіс. Мектептегі қауіпсіздік бәрінен маңызды. Біздің мәліметке сәйкес, шалғайдағы аудандарда лицензиясы бар күзет қызметі жоқ деген деректер бар. Мектептердің 89%-ында дабыл түймесі бар, 70%-дан астамында турникеттер мен лицензиясы бар күзет қызметімен келісімшарт жасалған. Алайда күзет қызметі жоқ мектептер де бар. Онда мектептің өзінің күзеті тұр. Бірақ біз онда лицензиясы бар күзет қызметі болуы керек деп талап қойып отырмыз. Осыған мектептер жауап беруге тиіс, - деп толықтырды Алтай Көлгінов сөзін. 

Кеше, яғни 13 ақпанда Петропавлдағы №4 орта мектептің оқушысы мектепкеасхана  балтасымен келіп, үш оқушыны жарақаттады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев оқиғаның мән-жайын айтты.

Сонымен бірге Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Петропавл мектебіндегі жағдайдың күрделі екенін айтып, министрліктерге тапсырма берген болатын

Өзгелердің жаңалығы