Ғалымдар Күннің бетін бұрын-соңды болмаған жоғары айқындықпен түсіріп, онда ерекше қауырсын тәрізді толқындарды байқады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі AP News-ке сілтеме жасап.
Зерттеу АҚШ Ұлттық ғылыми қорының Гавай аралдарындағы Мауи аралында орналасқан Дэниел К. Иноуэ атындағы күн телескопының көмегімен жүргізілген.
Бастапқыда ғалымдар телескоптың мүмкіндігін тексеріп, құрылғыны дәл баптау мақсатында суреттер түсірген. Алайда нәтижелерді зерттеу кезінде Күннің көрінетін беті – фотосфераның бұрынғыдан да жоғары ажыратымдылықпен бейнеленгені анықталды.
Суреттерден Күн бетінде қозғалып жатқан қауырсын тәрізді ерекше өрнектер байқалған. Стэнфорд университетінің күн физигі Жуйчжу Чэнь бұл көріністі Винсент ван Гогтың «Жұлдызды түн» картинасындағы ирек аспанға ұқсатты.
Ғалымдардың түсіндіруінше, толқындар әртүрлі жылдамдықпен қозғалған магниттелген плазма ағындарының өзара әрекеттесуінен пайда болады. Бұл құбылыс жел соққан кезде су бетінде түзілетін толқындарға ұқсайды.
Мұндай тұрақсыздық құбылыстары бұған дейін Жерде, Юпитер мен Сатурнда байқалған. Алайда зерттеу авторларының бірі, Ұлттық күн обсерваториясының маманы Фридрих Вёгердің айтуынша, Күн бетінде ол мұндай жоғары дәлдікпен алғаш рет түсіріліп отыр.
Зерттеу нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар жаңа деректер Күндегі процестерді тереңірек түсінуге және Жерге қарай бағытталуы мүмкін короналық масса лақтырыстарын зерттеуге көмектеседі деп есептейді.
Еске салайық, бұған дейін Күнде 2026 жылдың басынан бергі ең ірі белсенді аймақ анықталған еді.
Сондай-ақ, ғалымдардың Күннен таңғажайып құбылысты байқағаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Күнде қуатты жарқыл тіркелді: Жерге қалай әсер етуі мүмкін?
Қытай жасанды күн жасап шығарады