Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады.
Ал ертеңгі референдумнан кейін Конституциямызда 99 бап болмақ. Осы орайда, бірден ескерте кетейік, кейбір оқырмандардың пайымдауынша 46-бап түгелдей алынып тасталды деген пікір бар. Бұл – жаңсақ пікір. 46-бап алынып тасталған жоқ. Тек 46-баптың 4-тармағы, яғни Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесіне қатысты тармақ қана алынып тасталды.
Ал кеше ғана талқылаған 91-баптың 2-тармағы да тура солай. Алынып тасталған жоқ, бірақ жаңа редакциямен жазылды.
Сонымен, жаңадан енгізілген бапта не жайлы айтылады?
Бұл бапта негізінен Конституциялық кеңестен Конституциялық сот болып өзгерген саяси құрлымның мақсат-міндеттері айқындалған.
Осы орайда тағы бір ескерте кететін мәселе, Ата заңымыздың 9-бөлімі «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатынын атап өткіміз келеді. Яғни 99-бапта көрсетілген 3 тармақта атқарылатын міндеттердің көбі Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып толық өзгергенге дейін қолданылатынын ескерген жөн.
Айта кетейік, Конституциялық реформаға ұсынылған Ата заңымыздың жаңа нұсқасы жақында жарияланды. Ал ескі нұсқасы Ақорданың ресми сайтында жарияланған қазіргі кездегі қолданыстағы Конституциядан алынды.
99-бап
Жаңа нұсқада: Мынадай мазмұндағы 99-баппен толықтырылсын:
«99-бап
1. Конституциялық Сот және Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық Кеңестің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілеттіктерін сақтайды.
Конституциялық Сот құрылғанға дейін Конституцияның 72-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген Конституциялық Соттың функцияларын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.
2. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде оларды Конституциялық Сот қайта қарағанға дейін қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Палаталарын қалыптастыру туралы ережелері сегізінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады.».
Естеріңізге сала кетейік, Конституциялық реформада өзгертілген баптар: 4-бап, 6-бап, 15-бап, 23-бап, 24-бап, 42-бап, 43-бап, 44-бап, 46-бап, 47-бап, 50-бап, 51-бап, 52-бап, 53-бап, 54-бап, 55-бап, 56-бап, 57-бап, 58-бап, 61-бап, 62-бап, 71-бап, 72-бап, 73-бап, 74-бап, 78, 82, 83-баптар, 87-бап, 88-бап, 91-бап.