Иран бітімгершілік кезінде Ормуз бұғазын толықтай ашық деп жариялады. Бұл әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Иран тарапының мәліметінше, стратегиялық теңіз дәлізі арқылы барлық коммерциялық кемелердің өтуі бітімгершіліктің қалған мерзімінде «толық көлемде» қамтамасыз етілген. Тиісті мәлімдемені Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи жасады.
Бұл хабар Ливандағы жағдайға байланысты орнаған нәзік бітім аясында жарияланды. Онда бұған дейін әскери қимылдарды тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Осы оқиғалар аясында елдің оңтүстік аудандарының тұрғындары өз үйлеріне орала бастады.
Сонымен қатар, жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігер жалғасуда. Парижде Еуропа елдері лидерлерінің Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге арналған кездесуі өтіп жатыр. Келіссөздерге Франция, Ұлыбритания, Германия және Италия өкілдері қатысуда.
Reuters атап өткендей, дипломатиялық сигналдарға қарамастан, аймақтағы шиеленіс жоғары деңгейде қалып отыр. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасуда, бұл ретте басты мәселелердің бірі Тегеранның ядролық бағдарламасы болып қала бермек.
Еске салайық, 2026 жылғы 16 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан 10 күндік бітімге келгенін мәлімдеген болатын. Келісім 17 сәуірге қараған түні күшіне енді.
Бұған дейін 14 сәуірде Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысуымен Израиль мен Ливан өкілдерінің 1993 жылдан бергі алғашқы кездесуі өткен еді.
Сондай-ақ, бітімді бұзып, шабуыл жасауға қатысты Ливан Израильді айыптады.
Тағы оқи отырыңыздар:
АҚШ-Иран шиеленісі: Қазақстанға қандай қауіп бар?