АҚШ-Иран шиеленісі: Қазақстанға қандай қауіп бар?

Сарапшының айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс әзірге ашық соғысқа ұласпайды. Алайда оның салдары Қазақстан үшін ең алдымен экономикалық тұрғыдан сезілуі мүмкін.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 17:45
Бүгiн 2026, 17:45
207
Фото: depositphotos.com

АҚШ пен Иран арасындағы қатынас соңғы айларда қайта ушығып, әлемдік геосаяси ахуалға әсер етіп отыр. Бұл жағдайдың Қазақстанға ықпалы қандай болуы мүмкін? Саясаттанушы Руслан Мақсат BAQ.KZ редакциясының сұрақтарына жауап берді.

– Қазір АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынаста нақты қандай өзгерістер болып жатыр? Бұл шиеленіс ашық қақтығысқа ұласуы мүмкін бе?

– Қазіргі уақытта (2026 жылдың сәуірі) Вашингтон мен Тегеран арасындағы қатынастар «бақылаудағы тығырық» кезеңіне өтті. АҚШ-тың Иранға қарсы ауқымды жерүсті операциясын бастауға тәуекел етпеуі Трамп әкімшілігінің жаңа ұзақ соғысқа тартылғысы келмейтінін көрсетті.

Бұл ретте АҚШ өз мақсаттарына негізінен қол жеткізді деп айтуға болады: радикалды топтардың әскери әлеуеті айтарлықтай әлсіреді, ал Иран басшылығы Вашингтонның қатаң шешімдерінен соң келіссөзге бейімділік таныта бастады.

Сондықтан жақын арада жағдайдың ашық соғысқа ұласу қаупі төмен, қақтығыс санкциялық қысым мен нүктелі соққылар форматында қала береді.

– Осы жағдайда Қазақстан үшін негізгі қауіп қауіпсіздік тұрғысынан ба, әлде экономикалық тұрғыдан ба?

– Қазақстан үшін негізгі қауіп – экономикалық сала. Бұл тек мұнай бағасының құбылуы емес, сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы өтетін маңызды шикізат материалдарының қымбаттауына қатысты.

Әлемдік мұнайдың 20–25%-ы және өзге де маңызды ресурстар өтетін бұл артериядағы тұрақсыздық логистика мен сақтандыру құнының өсуіне әкеледі.

Бұл жағдай жаһандық инфляцияны тудырып, Қазақстанға сырттан келетін тауарлар мен жабдықтардың бағасын көтереді. Сондықтан мұндай эскалация біздің елге тиімсіз.

– Қазақстанның қазіргі ұстанымы АҚШ-қа жақындау сияқты көрінеді. Бұл саналы таңдау ма, әлде геосаяси жағдай мәжбүрлей ме?

– Бұл – саналы прагматизм мен геосаяси тепе-теңдікті сақтау әрекеті. Дональд Трамп Ақ үйге келген сәттен бастап Қазақстан басшылығы АҚШ-пен сенімді әрі достық қарым-қатынас орнатуға басымдық берді.

Мәселен, Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңындағы АҚШ-қа сапарының нәтижесінде экономиканың маңызды секторларына миллиардтаған доллар инвестиция тарту туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Иранға жасалған сапарлармен салыстырғанда, АҚШ-пен серіктестік нақты технологиялық және қаржылық нәтижелер береді. Сондықтан бұл – жай ғана мәжбүрлілік емес, ұлттық мүддеге негізделген рационалды таңдау.

– Егер жағдай ушыға түссе, Қазақстанға бір жақты таңдау жасауға тура келе ме?

– Қазақстанның жағдайында бір жақты таңдау жасаудың қажеттілігі жоқ. Біз қақтығыс ошағынан географиялық тұрғыдан алыс орналасқанбыз, сондай-ақ Ормуз бұғазында біздің мұнай танкерлеріміз жоқ.

Бұл бізге қандай да бір саяси ұстанымды кесіп айтпауға және көпвекторлы саясатты сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Жағдай ушыққан күннің өзінде Қазақстан халықаралық құқық нормаларына сүйеніп, бейтарап позицияны ұстана алады, өйткені бұл қақтығыс біздің шекарамызға немесе тікелей сауда жолдарымызға әсер етпейді.

– Аймақта Иран қауіпке айналды дедіңіз. Орталық Азия елдері үшін нақты қандай тәуекелдер бар?

– Иран Израильге және Шығанақ елдеріне қарсы бағытталған саясаты мен прокси-топтарды қолдауы арқылы аймақтағы көршілері үшін «зұлымдық ошағына» айналды. Бұл аймақтағы тұрақтылықты қалайтын барлық араб мемлекеттеріне қауіп төндіреді.

Тек Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжан ғана прагматикалық қарым-қатынасты сақтап отырған санаулы елдер қатарында.

Орталық Азияның өзге елдері үшін Иран тарапынан келетін басты тәуекелдер:
– діни-идеологиялық ықпалдың артуы;
– шекарадағы тұрақсыздық;
– санкцияларды айналып өту алаңына айналу қаупі.

Бұл өз кезегінде Батыстың екінші деңгейлі санкцияларына ілігу қаупін тудырады.

– Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Наверх