Індеттің ауыр түріне шалдыққандардың 95%-ы вакцина алмағандар – Цой

24 Тамыз 2021, 10:04
10099
Бөлісу:
Індеттің ауыр түріне шалдыққандардың 95%-ы вакцина алмағандар –  Цой

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Оның айтуынша, аурушаңдыққа жасалған талдау індет жұқтырғандар мен аурудың ауыр ағымына шалдыққандардың негізгі үлесі вакцина алмаған халыққа тиесілі көрінеді.

Атап айтатын болсақ, 1 ақпаннан бастап вакцина салдырмағандардың арасында ауырғандардың меншікті салмағы 97,5%-ды құрап отыр.

Ал екпе алған азаматтардың 2,5%-ы ғана коронавирус жұқтырды. КВИ ауыр ағымына шалдыққандардың басым көпшілігі – екпе алмағандар. Реанимацияда және өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатқан пациенттердің 95%-ы вакцинацияланбағандарға тиесілі, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Ведомство басшысы ұсынылған деректерді алға тарта отырып, вакцинацияның тиімділігіне тоқталды.

Осыған байланысты халыққа тағы да үндеу жолдап, қазіргі уақытқа дейін вакцина алмаған азаматтарды екпе салдыруға қатысты оң шешім қабылдауға шақырамын. Бұл баршамызға өзіміздің ғана емес, жақындарымыз бен туғандарымыздың денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді, - деді Алексей Цой.

Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде тиісті халықтың жартысынан көбі вакцина алғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы