Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Әсіресе, екпе салдырудан Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары көш бастап тұрған көрінеді.
Бүгінгі таңда екпенің І компонентін 6,4 млн адам салдырды. Бұл екпе алуы тиіс халықтың 64%-ын құрайды. Ал 5 млн-нан астам адам екпенің екінші компонентімен қамтылған. Осылайша, тиісті халықтың 50%-ы вакцинаның екінші дозасын салдырды, - деді Алексей Цой.
Оның айтуынша, вакцина салдыру бойынша 9 аймақ алда келеді. Атап айтатын болсақ: Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Атырау облыстары.
Ал вакцинацияның бірінші компонентімен ең аз қамтылған аймақ – Маңғыстау облысы болып отыр. Аталған өңірде екпе алу көрсеткіші тиісті халықтың 38%-ын көрсетті.
Екпе пункттерінде І компоненттің 1 млн 400 мың дозасы мен вакцинаның ІІ компонентінің 940 мың дозасы бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздегі инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі біртіндеп төмендеп келе жатқандығы туралы жазған болатынбыз.