Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күнделікті жергілікті атқарушы органдардың, көмір өндіруші компаниялар мен "ҚТЖ"ҰК" АҚ өкілдерінің қатысуымен жиындар өткізіліп, халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізіледі.
Өз кезегінде Министрлік 2022-2023 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындар үшін көмір өнімдерінің қажеттілік жоспарын қалыптастырды. Осы жоспарға сәйкес көмірді тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 2,6 млн тонна, тұрғындарға – 7 млн тонна.
2022 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін қажеттілік жоспарына қатысты көмір қорымен қамтамасыз ету 71% - ды құрайды.
Жалпы, бүгінде разрездерде көмір қоры жеткілікті мөлшерде және өндіру жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Разрездердегі көмірдің бағасы өткен жылғы деңгейде қалды.
Халықты қажетті деңгейде көмірмен қамтамасыз ету мақсатында Министрлікпен «Қазақтеміртранс» АҚ-да вагондар паркін ұлғайту және көрші мемлекеттерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен әкетуді шектеу бойынша қосымша шараларлар қарастырылған.
Көмір өндіруші компаниялардың жедел деректері бойынша 2022 жылғы қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір (көмір концентратын қоспағанда) өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106% - ды құрайды (2021 жылдың 7 ай үшін 62,8 млн тонна). Ірі көмір компаниялары бөлінісінде «Шұбаркөл көмір», «Восточный», «Майкөбе-Вест» және «Қаражыра» разрездерінде өндіріс өсімі байқалады.