300 мың теңгелік жалақы: елордадағы жәрмеңкеде қандай орындар ұсынылды

9 Қыркүйек 2022, 19:51
2364
Бөлісу:
300 мың теңгелік жалақы: елордадағы жәрмеңкеде қандай орындар ұсынылды

Елордада бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елордада «Жастар» сарайында жұмыссыз азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар және алимент бойынша борышкерлер үшін жалпы қалалық бос орындар жәрмеңкесі өтті. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс беруші қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеге елорданың 65 жұмыс берушісі қатысып, 1700-ден аса бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде пробация қызметі есебіндегілерге және жазасын өтеп келген жұмыссыз азаматтарға да жұмыс орындары ұсынылды. Өндірістік компаниялар, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.

«Бүгінгі жәрмеңкеде 1500-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Сондай-ақ мұнда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған ұсыныстар бар екенін атап өткен жөн. Бұл жәрмеңкедегі жалақы шамамен 150 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов.

Іс-шарада оқу орындарының түлектеріне, жастарға және жалпы елорда тұрғындарына «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары және зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы бойынша кеңінен ақпарат беріліп, азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыспен қамту орталығының мамандары қысқа мерзімді кәсіби оқуға қызығушылық танытқандарға да толық ақпарат береді.

Жәрмеңкеге үшінші рет қатысып отырмыз. Бұл әр жұмыс берушіге қажетті қызметкерді табуға көмектеседі. Мәселен қазіргі уақытта бізге кеңесшілер қажет. Олар клиенттерді іздеу, депозиттер ашумен айналысады, - деді «Отбасы банкінің» өкілі Асқар Рахымбаев.

Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниетті азаматтардың бірқатары еңбекке енді араласатын жас мамандар болса, енді бірі өздеріне ыңғайлы жұмыс орнын табуды көздейді. Солардың бірі – елордадағы оқу орындарының бірінде магистратурада білім алып жатқан Сұлтан Тұрапбай да жәрмеңкеден жұмыс табуға үмітті.

Қазіргі кезде магистратурада білім алып жүрмін. Бірақ оқумен қатар жұмыс істегім келеді. Мұнда жұмыс берушілер өте көп. Солардың ішінде өзіме қажетті жұмысты табамын деген ойдамын, - деді Сұлтан Тұрапбай.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жылдың соңына дейін 28 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мақсаты – жұмыс берушілер мәлімдеген азаматтарды бос жұмыс орындарына орналастыру. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше жыл соңына дейін әлі осындай 6 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы