Енді депутат ретінде емес, сіздерді сайлаушы ретінде айтатын өтінішім бар – Бекболат Тілеухан әріптестерімен қоштасты

29 Желтоқсан 2021, 10:46
1314
Бөлісу:
Енді депутат ретінде емес, сіздерді сайлаушы ретінде айтатын өтінішім бар – Бекболат Тілеухан әріптестерімен қоштасты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында экс-депутат Бекболат Тілеухан депутаттарға аманатын айтып, әріптестеріне Парламент қабырғасындағы бірлесе істеген жұмысы үшін алғысын айтты.

Қадірлі әріптестер! Қадірлі Нұрлан Зайроллаұлы! Асыра мақтап жатырсыз. Осы мақтауға лайықтылығыма күмәнім бар. Дегенмен де ағалық ниетіңізге, әріптестік көңіліңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздермен жұмыс істеген бір сәтім, өмірімнің бір белесі, кезеңі мен үшін бақытты шақ. Тайымда танып, тұлпардай етіп топқа қосқан әуелі Елбасыма рахмет. Нұр ағамыздың бастаған жолын әрі қарай жалғастырып жатқан Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының қамқорлығына, жасап жатқан марапаттарына шексіз алғысымды білдіремін, - деп айтты экс-депутат Мәжілісте.

Ол әріптестеріне бірге жұмыс істеген уақыт, Парламент қабырғасындағы өмірі өте сәтті кезең болғанын айтты.

Қай жерде елге, мемлекетке пайдам көбірек тиетіндіктен сол жерде болғанды міндетім деп танып, өмірдің келесі кезеңіне қадам басып жатырмын, - деді экс-депутат.

Бекболат Тілеухан Мәжіліс қабырғасында сөз түйінін айтқысы келетінін жеткізді.

Қазақ дейтін ұлттың тілінің, мәдениетінің, тарихының, ғылымының, руханиятының, салтының, дәстүрінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ, басқа дамитын жері жоқ. Қазақ – ол шабуылдаушы жұрт емес, ол қорғанушы, тарихқа есесі кеткен жұрт. Осы нәрсе естеріңізде болып, есіркей қарап, парасат көздеріңіз, тарихи санамен, мемлекетшілдік оймен әрқашан жүректеріңіздің түкпірінде тұрса екен деген аманатым бар. Бұл енді депутат ретінде емес, сіздерді сайлаушы ретінде айтатын аманатым, өтінішім. Істеріңізге берекет тілеймін! – деп сөзін қорытындылады Бекболат Тілеухан.

Бүгін Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан өз еркімен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Бұған дейін Бекболат Тілеухан Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының (WEC) вице-президенті болып тағайындалғанын хабарладық. 

Өзгелердің жаңалығы