Бекболат Тілеухан Мәжілістен кетті

29 Желтоқсан 2021, 10:07
2396
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан Мәжілістен кетті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеуханның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеуханның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов мәселеге қатысты сөз сөйледі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеухан міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берді. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға ҚР Конституциясының 52-бабына «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заңның 24-бабы 3) және 8) тармақтарына сәйкес Парламент Мәжілісі депутаты Бекболат Қанайұлы Тілеуханның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр, - деді ол.

Бекболат Тілеухан Мәжілістен кетті

Өз кезегінде депутаттар қаулыны қабылдап, шешім қабылдады.

Бекболат Тілеухан 1966 жылы 7 тамызда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған.

Білімі жоғары, 1993 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «концерттік орындаушы» мамандығы бойынша,
1998 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетін «инженер-металлург» мамандығы бойынша бітірген.
1996-2001 жж. - Қазақстан Республикасы Президенті оркестірінің көркемдік жетекшісі.
2001-2002 жж. - Қазақстан Республикасы Мәдениет комитетінің төрағасы.
2002-2004 жж. - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі, Қазақстан Республикасы Мәдениет вице-министрі.
2004-2007 жж. - ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2007-2011 жж. – ІV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2012- қазіргі кезге дейін - Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.
2016-2021жж - VІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2021 жылғы 15 қаңтардан бастап VІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.

«Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағын алған (1996 ж.), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1998 ж.), «Парасат» орденімен (2005 ж.), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.), «10 жыл Астана» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Үйленген, тоғыз ұлы, алты қызы бар.

Өзгелердің жаңалығы