Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістер мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетіп, артық рәсімдерді қысқартуға бағытталған.
Атап айтқанда, көлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексеруден өткізу талап етілмейді. Енгізілген өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжат жеткілікті болады.
Емтиханды қайта тапсыру тәртібін де өзгерту көзделген. Алғашқы талпынысы сәтсіз болған үміткер келесі жұмыс күні қайта емтихан тапсыра алады. Екінші рет өте алмаса, дайындалуға 10 күн беріледі.
Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмағандар үшін сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Министрлік бұл шара үміткерлердің емтиханға қосымша дайындалуын ынталандыруға бағытталғанын түсіндірді.
Сонымен қатар теориялық емтиханнан өткен үміткер практикалық сынақты тапсыра алмаса, оның теориядан алған нәтижесі сақталады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет болады. Бұған қоса, жол қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган куәлікті берген елге ресми сұрау жібереді. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы тарапынан расталғаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.
Бұл – жалған құжаттардан қорғау шаралары. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жүргізуші куәлігіне үміткерлер емтиханда көлікті басқара алмай қалды.
Тағы оқи отырыңыз:
Жүргізуші куәлігін таныстары арқылы әперуге уәде берген астаналық сотталды
Қазақстандық жүргізуші куәлігі қай елдерде жарамды?
Емтихан тапсырудың қажеті жоқ: Қазақстандықтар Қытайда өз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады