Жамбыл облысында жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды. Кезекті тексеру кезінде полицейлер Таразда құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге тастаған кәсіпкерлерді жауапқа тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция департаменті елді мекендердің тазалығы мен санитарлық жағдайын бақылап жүр. Тараздағы тексеру барысында құрылыс жұмыстары кезінде шыққан қалдықтардың белгіленбеген жерге төгілгені анықталды.
Осы дерек бойынша компания иелері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері облыста абаттандыру қағидаларын бұзудың 22 301 дерегі тіркелген. Оның 21 971-і бойынша ескерту берілген. 261 құқық бұзушыға айыппұл салынып, 69 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Полицейлер құрылыс жүргізетін кәсіпкерлерге қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығаруды және абаттандыру қағидаларын сақтауды ескертті. Елді мекендерде тазалық талаптарының сақталуын бақылау жалғасады.