«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бір күн ішінде автодромдарда практикалық емтихан тапсыру кезінде үш жол-көлік оқиғасы тіркелгенін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жыл басынан бері мұндай оқиғалардың саны 100-ге жеткен.
Бүгін Астана, Ақтөбе және Талдықорған қалаларындағы автодромдарда практикалық емтихан кезінде үміткерлер көлікті басқара алмай, емтихандар жоспардан тыс аяқталған. Зардап шеккендер жоқ. Емтихан тапсыру барысында үміткерлер педальдарды шатастырып, жол белгілері мен қоршауларды қағып, өзге көліктерге соғылып жатады. Бұл оқиғалар практикалық емтиханға келмес бұрын, теориялық білімнен бөлек, автокөлікті сенімді басқаруды үйреніп, кез келген тосын жағдайға жылдам әрекет етуге дайын болу қажет екенін көрсетеді, - деп жазылған хабарламада.
Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі рөлде абай болып, емтиханға тыңғылықты дайындалған жөн екенін ескертеді. Жол үстіндегі немқұрайлылықтың соңы өкінішке ұрындыруы мүмкін.