Астанада Түрік киносы күндері ашылды. 26-30 қараша аралығында елорда тұрғындары түрік режиссерлерінің алты туындысын тегін тамашалай алады. Кино апталығының ашылу салтанатына Түркиядан арнайы режиссерлер, продюсерлер мен актерлер келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түрік киносы күндері Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, Түркияның Қазақстандағы елшілігі және Кинематография бас басқармасының қолдауымен, «Yerli Düşünce» қауымдастығының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.
Ашылу салтанатында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кино істері жөніндегі бас басқармасының жетекшісі Бирол Гүвен екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуда кино өнерінің маңызы зор екенін атап өтті.
Оның айтуынша, осыдан бір ай бұрын Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата – Түркі дүниесі» кинофестиваліне Қазақстан да қатысып, көрерменге бірқатар фильмін ұсынған.
Біз екі ел ретінде бір-бірімізге өте жақынбыз. Ал кино өнері осы байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. Жақында Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата – Түркі дүниесі» кинофестивалінде Қазақстанның да қатысуы жоғары деңгейде болды. Қазақ фильмдерін тамашаладық. Енді осы мәдени байланысты Астанада жалғастырып отырмыз, – деді Бирол Гүвен.
Сонымен қатар ол Түркияда өткен COP31 климаттық конференциясы аясында кино өндірісіндегі экологиялық жауапкершілік мәселесіне де назар аударылғанын жеткізді. Осы бағытта «Бес режиссер, бес жасыл фильм» жобасы жүзеге асқан.
Біз кино түсіру барысында қоршаған ортаға зиян келтірмеу жолдарын қарастырдық. Фильмдерді табиғатқа барынша ұқыпты қарай отырып өндіруге тырыстық. Сол жобада түсірілген туындылардың бірін бүгін Астанаға алып келдік. Оны сіздермен бірге тамашалаймыз, – деді ол.
Көрермен назарына ұсынылатын туындылардың бірі – «Diğerkam» фильмі. Оның режиссері – Уғур Ягджыоғлу, продюсері – Пынар Ягджыоғлу. Ашылу салтанатына фильмнің басты рөлдерін сомдаған Илай Эркөк пен Рыза Коджаоғлу, сондай-ақ актер Сезгин Эрдемир қатысты.
Бирол Гүвеннің айтуынша, фильмді Астанаға арнайы алып келген шығармашылық топ көрерменмен жүздесіп, туындыны бірге тамашалауды жоспарлаған.
Түрік киносы күндері аясында 26-30 қараша аралығында барлығы алты фильм көрсетіледі. Бағдарламаға «Diğerkam», «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi», «Beklenti», «Mutluyuz Mu?», «Rafadan Tayfa-Kapadokya» және «Bak Postacı Geliyor» туындылары енген.
Фильм көрсетілімдері 26 қарашада сағат 19:30-да басталып, 27-30 қараша күндері сағат 18:00-де жалғасады.