Еліміздегі жағдайға шолу. Өңірлерде не болып жатыр?

6 Қаңтар 2022, 18:15
6553
Бөлісу:
Еліміздегі жағдайға шолу. Өңірлерде не болып жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметіне кірісіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге терроризмге қарсы операция жүргізуге әскери көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Қазіргі таңда өңірлердегі жағдай қандай екеніне шолу жасадық.

Ақтөбеде демонстранттар жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп жатыр. Олар наразыларды «террорист» деп атауға қарсы. Жиналғандар халықты қымбатшылық қысқан соң ғана алаңға бейбіт митингіге шыққанын айтады. 

Елордада ахуал бірқалыпты, күзет күшейген. Ешқандай демонстрация, қарсылық жиыны болып жатқан жоқ. Арнайы жасақ мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзетіп отыр. Ұлттық ұлан да қоғамдық орындардың барлығын бақылауға алды. Бұл туралы "Хабар24" телеарнасы хабарлады.  Қазір қаладағы қоғамдық көліктер қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Интернеттің жоқтығы жол ақысын төлеуге кесірін тигізді. Алайда бұл жолаушылардың қатынауына ешбір әсерін тигізіп тұрған жоқ.  Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер де ашық. Бірақ қолма-қол ақшамен ғана сауда жасайды. Онлайн төлем болмағандықтан қолма-қол ақшаға сұраныс артқан. Осыған байланысты банкоматтарда кезек көбейді.   

Алматыда терроризмге қарсы операция жүріп жатыр. Қалалық полиция департаменті  қару сататын дүкеннен қару-жарақтың ұрлану  дерегін растады. Полиция өкілдері қала халқына қажет болмаған жағдайда көшеге шықпауға кеңес береді. Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әшірбектің айтуынша өткен түнде экстремистік күштер әкімшілік ғимараттарды штурмдауды жүзеге асырмақ болды.   

Сондай-ақ Алматыда лаңкестер ауруханаға жеткізілген науқастарды өткізбей кедергі жасады. Белгілі болғандай, бүгін таңертең атыс қауымен қаруланған топтар қаладағы екі ірі көпбейінді клиникалық аурухананы (бірінші және жетінші аурухана) қоршап алған.   

Бұзақылар Алматыдағы телеарналар мен филиалдарға да шабуыл жасаған. Нысандар арасында «Хабар» арнасының бөлімшесі де бар. Оған қоса «Қазақстан» және «Мир» арналарының ғимаратын талқандан. Сондай-ақ кей жерлерде  өрт шыққан. Төтенше жағдайға байланысты өрт сөндірушілер оқиға орнына жете алмаған. Телекамералар  ұрланған. Бұзақылар өзге де қажетті жабдықтарды тонап кеткен. Телевизия қайраткерлеріне қойылған ескеркіштерді де қиратқан. Оқиға кезінде кеңседе болған ұлттық арнаның заңгері жарақат алған. 

Алматы қаласының комендатурасы қалада басы кесілген екі полиция қызметкерінің мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Комендатура хабарына сәйкес, сағат 13:00-дегі мәліметтер бойынша қалада терроршылардың қолынан құқық қорғау органдарының 353 қызметкері зардап шегіп, 13 құқық қорғаушы қаза тапты. Олардың ішінде екеуінің мүрдесі басы кесілген күйінде табылды. Комендатураның атап өтуінше, дәл осы жайт Алматыға шабуылдаған бандылардың іс-әрекеті терористік және экстремистік сипатта екендігін тікелей дәлелдейді.

Оралда бүгінгі жағдай бойынша интернет бұғатталған, телефон байланысы да әлсіз. Қалада дүкендер жұмыс істеп тұр, ал қоғамдық көлік сирек жүріп жатыр. Банкоматтардың алдында ақша алуға жиналған адам кезегі көп. Орталық алаңды полиция қоршап, күзетіп тұр. Наразылық болып жатқан жоқ. 

Шымкентте әкімдік терезесі шағылған, қазір арнайы жасақ күзетіп тұр.  

Өзгелердің жаңалығы