Әлеуметтік желіде Алматы облысы Іле ауданына қарасты Өтеген Батыр ауылының тұрғындары жастарды, соның ішінде студенттерді ұстап, әскери комиссариатқа күшпен апарып жатқаны жайлы әйел адамның мәлімдемесі тарады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Зардап шеккендердің бірінің анасының айтуынша, 18 маусымда таңертең сағат 9:00 шамасында ұлы "Прогресс" колледжіне диплом жұмысын қорғауға бара жатқанда, оқу орнының кіреберісінде оны ұстап әкеткен.
Оған колледжге кіруге де мүмкіндік берілмеді. Қасында болған 70 жастағы анамды итеріп жіберген. Ол қатты күйзеліп қалды! Ұлымды қылмыскер сияқты әскери комиссариатқа апарды, дөрекі сөйлеп, қорқытты. Оны бес сағаттай ұстап, диплом қорғауына рұқсат бермеді, — деді әйел.
Оның айтуынша, ұлының денсаулығына байланысты әскери қызметтен ресми босатылғаны жөнінде анықтамасы бар. Сондықтан әскери комиссариат қызметкерлерінің әрекеттері негізсіз деп санайды.
BAQ.KZ тілшісі осы жайтқа байланысты жауапты органдарга сұрау жолдады.
2025 жылғы 17 маусымда Іле ауданының “Прогресс” колледжінде көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында бітіруші түлектермен профилактикалық кездесу өтті. Кездесуге Қорғаныс істері жөніндегі басқарма, әкімдік және полиция өкілдері қатысты. Үш түлек мерзімді әскери қызметке баруға ниет білдірді. Бітірушілердің бірі бастапқыда медициналық тексеруден өтуден бас тартқанымен, заң талаптары түсіндірілгеннен кейін ол өз еркімен келісім берді. Кейін ол медициналық тексеруден өтіп, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылып, үйіне жіберілді. Одан немесе оның туыстарынан ешқандай шағым түскен жоқ. Әскери шақырылушының әжесі итерілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деп хабарлады Алматы гарнизонының баспасөз қызметі ресми жауапта.
Әскери гарнизон өкілдерінің айтуынша, жігіттердің біріне диплом қорғауға да рұқсат берілмеген деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жігіт емтихандарын тапсырғаннан кейін ғана әскери комиссариатта медициналық тексеруден өтті. Оның қорытындысы бойынша қосымша тексеруге жолдану туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жас жігіт үйінде, – делінген BAQ.KZ тілшісіне берілген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін жастарды көшеден әкетіп жатыр деген мәселеге министрлік түсініктеме берді. Сондай-ақ, Саясат Нұрбек студенттерді әскерге алып кету бойынша пікір білдірді.