Ғылым және жоғары білім министрі студент статусын алып үлгермеген түлектерді көшеден әскерге алып кету жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері министрге студенттерді көшеде күшпен әскерге алып кеткен жағдайлар болды. Бұл мәселеге сіздердің тараптан қандай да бір реакция болды ма? деп сауал қойды.
Иә, біздің тарапымыздан бұл жағдайға қатысты тиісті реакция болды. Атап айтқанда, Назарбаев университетінің бір студентін военкомат әскерге шақырту үшін алып кеткен жағдай тіркелді. Бұл оқиға заң шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл жерде заң сақталып тұр,-деді ол.
Оның айтуынша, ЖОО-ға қабылдау мерзімі мен Қорғаныс министрлігінің әскери мерзімдері сәйкес келмейді.
Назарбаев университеті өз студенттерін қабылдау туралы ресми шешімді шілде немесе тамыз айларында жариялайды. Ал осы кезеңде кей азаматтар ресми студент атанбаса, онда оларды әскер қатарына шақыруға заң бойынша рұқсат бар. Біз бұл мәселені шешу үшін тиісті ұсыныс жасадық. ЖОО қабылдау кестесін әскери шақыру мерзімдерімен үйлестіру қажет екенін жеткіздік. Біздің қолдауымызбен Назарбаев университеті ертеңінде-ақ студентті қабылдау туралы бұйрықты шығарып, оның мәртебесін нақтылады,-деді ол.
Еске салайық, бұған дейін жастарды көшеден әкетіп жатыр деген мәселеге министрлік түсініктеме берді.