Талғарда болған Шерзат Болаттың қазасына қатысты істің сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтан жауап алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түскі үзілістен кейінгі сот отырысында Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жауап беріп жатыр. Ол дүкенді жалға алып, жұмыстан тыс уақытында қосымша табыс табу үшін ашқанын айтты.
Қазанның 3-нен 4-не қараған күні кешке жұмыстан кейін дүкенге келдім. Уақыты 21:00-22:00 аралығы. Дүкенге Дархан Әскентай келді. Сол кезде Дархан екеуміз сөйлестік, ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Кейін 1-2 кісі келіп, дүкен жайлы сұрады. Осы арада Дархан Әскентай сыра сұрады. Мен ескертіп, сағат 23:00-ден кейін сыра сатпайтынымызды айттым. Ол қоймағаннан кейін (сыраны) бердім. Ол аударма жасады. Ол What’sApp арқылы Қалтаевадан ақша түскенін көрсетті. Мен Светлана деген кісіден түскенін айттым. Ол өзі түсінген жоқ, - деп, Қаржаубай ақша түскенін айтып, есептескенін жеткізді.
Оның сөзінше, осы кезде Дархан Әскентай мас күйде болған.
Жаныма келіп сөйлеген кезде ішімдіктің иісі шығып тұрды. Содан кейін көп сөйлеспей, шығарып салғанмын. Сыра мен темекі алып кетті. Сол уақытта марқұм балам қуаттағышын алуға келді. Дархан қайта келді, онымен сөйлескен кезде маған дұрыс сөйлемегенін байқап қалған. Ішкен адам енді боқтанып сөйлейді. Дархан да телефонын қуаттауды сұрады. Мен қойып бердім. Кейін Дархан шықты, артынан бала шықты. Терезе ашық тұрған. Екеуінің жоғары тонда сөйлесіп жатқанын байқап қалдым. Мен шығып үлгергенше бала ұрып жіберді. Ажыратып алдым. Балаға ескерту жасадым. Дүкенге кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Ауруханаға апарайын, ақыңды төлейін, ішемін десең, ішімдігіңді де берейін дедім. Сосын ол әрі қарай кеткендей болды. Кешірім сұрағаныма "кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң жауап береді, балаңның денсаулығын қойып тастайды" деді. Балаң жауап береді деп кетті. Сонда да ешкімді шақырма, өз арамызда шешейік дедім. Кішкентай бала, 16 жаста, шешесінен боқтамағанда ондай болмайтын еді деп айттым, - дейді Шерзаттың әкесі сотта.
Қаржаубай Нұрымов бірнеше рет Дархан Әскентайдан кешірім сұрағанын айтты.
Сөйтіп ол әйелі Гүлбара Бишімбиеваға хабарласып, баласы біреуді ұрғанын айтып, інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты жіберуді сұраған.
Еске сала кетейік, марқұм Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Кадировадан сотталушылардың арасынан кімді танитынын айтты. Ол сотта келіні, яғни Шерзаттың анасы екеуі таксиден түскеннен кейінгі әрекеттерін айтып берді. Сондай-ақ Шерзаттың әжесі айыпталушылармен бірге болған қыздардың не істегенін баяндады.
Сот отырысы барысында Шерзаттың анасы да оқиғаның қалай болғанын айтып берді.