Талғарда болған Шерзат Болаттың қазасына қатысты істің сот отырысында Шерзаттың әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол сотта шындықты айтуға ант етті.
Судья Ержан Жанұзақов Жұмабике Кадировадан сотталушылардың арасынан кімді танитынын сұрады.
Абзалды (Шынасыл) танимын. Фамилиясын осы жерге (сотқа) келгелі естіп жатырмын, - деп жауап берді марқұм Шерзаттың әжесі.
Ол айыпталушылардың ешқайсысын бұған дейін танымағанын айтады.
Мемлекеттік айыптаушылар Жұмабике Кадироваға сұрақтарын қоюды бастады. Прокурорлар оқиға болған күнгі жағдайды толық айтып беруді сұрады.
2024 жылы 4 қазан күні сағат 11 кезінде (түнгі) жұмыстан келдім. Жұмысым таңғы 10-нан түнгі 10-ға дейін. Жұмыстан келіп шай ішіп отырғанымда келінімнің телефонына қоңырау келді. Сөйтсек жолдасы Қаржаубай хабарласып жатыр екен. “Не болды?” деген сұрағына “Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты оятып, жібер” деді. Тынықтық па деп сұрағанымызда, тыныш екенін айтып, тек Нұрқанатты жіберуді сұрады, - деді ол.
Сөйтіп Қаржаубайдың әйелі оның інісі Нұрқанатты оятып, жіберген.
Тыныш емес екенін сездім. Сөйтіп шай-тамағымды ішуге уақытым болмады. Себебі менің қолымда тәрбиеленген. Өзіммен бірге тұратын немерем болғаннан кейін шай да, тамақты маңызды болған жоқ. Келініме айтып, тезірек біз де шығып кеттік, - дейді Қаржаубайдың анасы.
Ол такси ұстауға шамамен 10-20 минут кеткенін айтты.
Сөйтіп такси тоқтатып, дүкенге бардық. Барсақ, балалар екі жерде топ болып тұр екен. Мен жолды кесіп өтем дегенше, Гүлбара (Шерзаттың анасы – ред.) өтіп үлгерді. Сөйтіп таксиден түсе сала, жан-жағыма қарап, Шерзатты іздедім. Ол жерде Шерзат көрінген жоқ. Біреуді ұрып қойды деген соң, мен Қаржаудайды да, Нұрқанатты да іздегенім жоқ, Шерзатты іздедім. Менде ол жерде топ болып балалар тұрады деген ой болған жоқ. Олай болады деп те ойлаған жоқпын. Біреуді ұрып қойған екен, мен әжесімін ғой, барып кешірім сұрайын деп ойладым. Бірақ балам жеткен адамның жағасына жабысып жүрген бала емес. Ол боксқа қатысқан өзінің мінезін ұстай білетін бала еді. Бірақ шектен шығып, мүмкін қол көтерген шығар деген ой болды. Олардың топ болып, мылтықпен, пышақпен келетінін білгенде, үйімде отырып-ақ жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарлайтын едім. Ондай ой болмағандықтан өзім бардым, - дейді Жұмабике Кадирова.
Кадирова жолды кесіп өткен кезде топ болып жиналған балалар алдынан шыққан. Сол кезде Абзал Шынасыл әжені бар күшімен итеріп жібергенде Жұмабике Кадирова құлап, телефоны ұшып кеткен. Оны итерген Абзал екенін анасына Нұрқанат айтқан. Себебі ол балалардың таныған.
Нұрқанаттың ажалына да осы балалар себепші болды. Беттестіру кезінде Нұрқанат маған келіп “мама, олар құмырсқаны басып кеткен адам сияқты көріп отырған жоқ”, Нұрқияс “олай болса уақыт көрсетеді”, - деді ол.
Судья осы кезде оқиғаға көшуді өтінді.