Былтыр елімізде 11 млн жолаушы ұшақпен ұшқан

5 Сәуір 2023, 15:33
815
Бөлісу:
Былтыр елімізде 11 млн жолаушы ұшақпен ұшқан
Фото: bbc.com

Былтыр еліміздің әуе компаниялары 11 млн-нан астам жолаушыны тасымалдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Сенаттағы Комитет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағыны қалпына келген.

Сондай-ақ барлық болжамдардан асып, тұрақты өсім байқалады. 2022 жылы 11 млн жолаушы тасымалданды. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 17%-ға артық, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Сонымен қатар ол бірнеше бағытта халықаралық рейстер ашылатындығына тоқталды.

Халықаралық рейстер 28 мемлекетпен аптасына 477 рейс жиілігімен 104 авиамаршрут бойынша орындалады. Ұшуды кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, «ашық аспан» режимі енгізілді. Биыл 9-дан астам бағыт: Мускат, Париж, Куала-Лумпур, Тель-Авив, Карачи, Лахор, Самарқанд, Прага, Мумбай қалаларына рейстер ашылып, қайта жаңғыртылады деп күтілуде. «Air Asia» сияқты әлемдік төмен бюджеттік авиакомпаниялардың тікелей рейстерін ашу жоспарланып отыр, - деді вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін сенатор Сергей Карплюк еліміздің әуе қызметіне қазынадан бөлінген 800 млн теңге бөлінетіні туралы айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы