Ішкі істер министрлігі бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы жалған ақпарат таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда экс-министрдің ұсталғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметті ІІМ дер кезінде жоққа шығарып, Жақсылықовтың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаған.
Министрлік таратқан жаңа ресми мәліметке сәйкес, енді осы жалған ақпаратты таратқандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі – "Бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сұранымда көрсетілген тұлғаның ұсталғаны туралы жалған ақпарат тарату дерегі бойынша Астана қаласы Полиция департаменті ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған азаматтар жазаға тартылуы мүмкін.