Буллинг деген не? Баланы әлеуметтік желілерде қорлаудан қалай қорғауға болады?

31 Наурыз 2022, 15:36
9494
Бөлісу:
Буллинг деген не? Баланы әлеуметтік желілерде қорлаудан қалай қорғауға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Жакипова балаларды буллинг пен кибербуллингтен қорғау маңызды екенін айтады. Сөзінше, бұл мәселеге мемлекет деңгейінде араласпаса, ол індетке айналып бара жатыр.

Мәжілісте мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы қоғамда кең талқыға түсіп жатыр.

Баланың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң не жайында?

Бұл құжат Қазақстанда баланың құқықтарын қорғау үшін тиісті құқықтық негіз құру мақсатында әзірленді. 

Заң жобасында балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылық көріністерінен, оның ішінде оларды отбасылық қатынастар, білім беру және ақпараттық кеңестік салаларында қорғау тетіктерін іске асыруға бағдарланған нормалар көзделген.

Кәмелетке толмағандар арасында жәбірлеу, буллинг көріністерін алдын алу мақсатында «жәбірлеу» ұғымы заңнамалық түрде бекітілді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыреті көзделген. Бұдан басқа, құқыққа қарсы контентке қарсы іс-қимыл тетігін, оның ішінде «онлайн-платформа», «лездік хабарлар алмасу сервисі» ұғымдарын бекіту арқылы регламенттеу жөніндегі нормалар ұсынылды, - деп айтқан болатын депутат Жәмилә Нұрманбетова.

Бұл заң не үшін қажет екенін Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Жакиповадан сұрап көрдік.

Ата-ана баланың әлеуметтік желіде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанынан бейхабар

Кибербуллингтен балаларды қорғау заңы елімізге қажет. Себебі 2021 жылы бір жыл бойы Түркістан облысының аумағында «Ел ертеңі - жас ұрпақ» атты үлкен жоба өткіздік. Осы жобаның мақсаты – балаларға буллинг пен кубербуллингтен сақтануға үйрету. Аудандарда көшбасшы балалар, ата-аналар, сынып жетекшілер, әлеуметтік педагогтер, білім мекемелерінің басшылары және ювеналды полиция тобының мүшелерін оқытқан кезде буллинг пен кибербуллингті қалыпты жағдай деп есептейтінін байқадық. Яғни оны біздің азаматтарымыз қоғамның дерті ретінде толық сезінбейді, - деді Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығының төрайымы.

Оның айтуынша, көбінесе ата-аналар балалары Whats’App-та, Вконтакте, ТикТокта қандай буллингке ұшырайтынын біле бермейді. Олардың басқа адамдардан түрлі теріс ақпарат алып, моралды, психологиялық түрде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанынан ата-аналары бейхабар. Себебі облыстың 80%-дан астамы көпбалалы отбасылар. 

Көбінесе ата-аналар жұмыста, үй шаруасында немесе малға қарап, қолдары босамайды. Осылайша балалар өз мәселелерімен өздері жеке қалады. Осындай жағдайда балалар өз құқықтарын білмейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, балалардың құқығын ата-аналары да білмейді. Енді бұл мәселеге мемлекет деңгейінде араласпаса, ол індетке айналып бара жатыр, - деп айтты сарапшы.

Сөзінше, облыс жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша алдыңғы орында тұр. 

Сонымен қатар «жыныстық кибербуллинг» деген ұғым да бар. Тіпті мұнымен айналысатын арнайы диструктивті топтар да бар. Бала өз бетінше онымен күресе алмайды. Мысалы, бұл мәселені бала ата-анасына айтып, үлкендер заң жүзінде баласына көрсетіліп жатқан мәселеге шағымданып, әлеуметтік желідегі кибербуллингке қарсы тұра алғаны маңызды. Себебі заңмен реттелмеген мәселе кең жайылып, теріс құбылысқа айналып кетуі мүмкін. Көбінесе ата-аналар балаларының қиналып жүргенін білмейді, - деп атап өтті Ақбаян Жакипова.

Сарапшы қазіргі күні заң кең талқыланып жатқанын айтты. Осының арқасында ата-аналар да заң аясында бала құқығын қорғауға болатынынан құлағдар болып отырады.

Заң Қазақстандағы сөз бостандығын шектемейді

Сонымен қатар Ақбаян Жакипова осы заң талқылауға түскеннен бері оны терең зерттеп келе жатқанын айтты.

​Бұл түзетулерді қабылдау Қазақстандағы сөз бостандығын шектейді дегенге қатысты айта кетейін. Шын мәнінде, заң жобасына ұсынылып отырған түзетулер біздің еліміздегі сөз бостандығын ешбір жағдайда шектемейді, керісінше, ел аумағындағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін заңнамалық регламенттеуді көздейді.Басқаша айтқанда, біз елімізде өз қызметін жүзеге асыратын кез келген басқа кәсіпкерлік субъектілері сияқты шетелдік компаниялардың ҚР заңдарын сақтауын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр, - деп түсіндірді Жакипова.

Оның пікірінше, Meta, Telegram және сол сияқты басқа да сандық алыптар біздің аумақта физикалық болмағандықтан, біз олардан біздің заңдарымызды сақтауды талап ете алмаймыз. Заңды өкілді тағайындау осы жағдайды түзетуге мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта шетелдік әлеуметтік желілер заңды өкілді анықтау және тағайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл түзетулер қарапайым пайдаланушыларға ешқандай әсер етпейді, өйткені заңсыз материалдарды тарату үшін жауапкершілік осы заңнамада қарастырылған, бұл түзетулер ешқандай өзгерістерге ұшырамайды, - дейді ол.

​24 сағат ішінде заңсыз мазмұнды жою талаптары 

Белгілі болғандай, қудалау жабық топтар мен қауымдастықтарда орын алады, олардың әкімшілері ешқандай жауапкершілік көтермейді, сонымен қатар өз беттерінде қорлауды жалғастыруға ықпал етуі мүмкін. Сондықтан олармен байланыс орнатуға тырысу көбінесе нәтиже бермейді. 24 сағат ішінде әлеуметтік желілердегі мазмұнды жоюды/бұғаттауды талап ететін заңдар бірқатар дамыған елде қабылданды. Мысалы, Германияда 2017 жылдан бастап «әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қолданылады, - деп атап өтті Ақбаян Жакипова.

Мониторинг пен статистика

Бүгінгі күні еліміздің аумағында кибербуллинг фактілерін айқындау және тіркеу тетігі заңнамалық тұрғыдан әлі реттелмегендіктен, тікелей статистика жоқ. Алайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды бақылау шеңберінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тұрақты негізде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде интернет желісінің өнімдеріне мониторинг жүргізеді. Әкімшіліктерінің заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы уәкілетті органның ұсынымдары бойынша шамамен 222 мыңнан аса құқыққа қарсы материалдарды жою бойынша шаралар қабылданды, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар 2021 жылы «Байланыс туралы» заңда көзделген тәртіппен уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланушылар үшін 10 мыңнан астам материалдарға қол жеткізуді шектеді.

​Ол ұсынылып отырған жаңалықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің еркін қызметіне кедергі келтіретін және пікір білдіру бостандығын шектейтін құзырет бермейтінін атап өтті.

Айта кетейік, кибербуллинг – цифрлық кеңістіктегі зорлық-зомбылық. Ол әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, ойын платформаларында және ұялы телефондардағы қосымшаларда болуы алуы мүмкін.

Желідегі зорлық-зомбылықтың мақсаты – адамды ашуландыру, ренжіту немесе ұятқа қалдыру. Мысалы, Facebook немесе YouTube желілерінде жалған және зиянкес ақпаратты немесе SMS хабарламалар немесе қоңыраулар арқылы қауіп төндіру арқылы.

Мұндай адамдарды «тролльдер», «бұзақылар» немесе «мобберлер» деп атайды және көбінесе олар жасырын әрекет етеді, сол себепті жәбірленуші агрессивті әрекеттердің кімнен шыққанын білмеуі үшін.

Өзгелердің жаңалығы