Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген азамат Вьетнамнан экстрадицияланды.

6 Тамыз 2026, 18:40
АВТОР
 видеодан скриншот 6 Тамыз 2026, 18:40
6 Тамыз 2026, 18:40
149
Фото: видеодан скриншот

ҚР Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады.

Тергеп-тексеру органының нұсқасы бойынша 2025 жылғы қаңтарда ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиторияны пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.

Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары түскен. Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі. 

Осы орайда, қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын, ал қалғандарын, оның ішінде жоғарыда аталған күдіктіге де халықаралық іздестіру жарияланғанын атап өткен жөн.

Ағымдағы жылғы маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында күзетпен қамауға алынды.

Күдіктіге тағылып отырған айып бойынша оған сол әрекеттi жасағаны үшiн мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталуына қатысты түсініктеме берді.

Блогер не үшін іздеуге жарияланды?

Миллионнан астам оқырманы бар қазақстандық блогер Қайсар Қамза Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) тергеушілері тарапынан халықаралық іздеуге жарияланған.

Тергеу мәліметінше, ол заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікке ілінген. ҚМА дерегіне сәйкес, блогердің заңсыз қызметтен түскен табысы 100 миллион теңгеден асқан. Алынған қаражат криптовалюта әмиянына аударылып отырған.

Осы жылдың басында Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Вьетнамнан видео жариялаған

Айта кетейік, блогер 1 мамыр күні әлеуметтік желідегі оқырмандарына Вьетнамнан видеоүндеу жолдаған. Онда ол Нячанг қаласында еркін жүріп-тұратынын және ешкімнің оны ұстамағанын айтқан.

Алайда бұған дейін, сәуір айында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Қайсар Қамзаның Вьетнамда Интерпол мен жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен ұсталғанын хабарлаған еді.

Қазіргі уақытта оны Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске салсақ, 2026 жылғы 6 мамырды ҚР ІІМ Қайсар Қамзаға қатысты пікір білдірген болатын.

Наверх