Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібайдың айтуынша, қазіргі уақытта Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Біздегі ақпаратқа сәйкес, бұл азамат Вьетнам аумағында жүр және ұсталған. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралу үстінде, – деді Ерлан Жетібай брифинг барысында.
Ол сондай-ақ шетелде ұсталған Қазақстан азаматтарын экстрадициялау мәселесі Бас прокуратураның құзыретіне жататынын атап өтті.
Блогер не үшін іздеуге жарияланды?
Миллионнан астам оқырманы бар қазақстандық блогер Қайсар Қамза Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) тергеушілері тарапынан халықаралық іздеуге жарияланған.
Тергеу мәліметінше, ол заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікке ілінген. ҚМА дерегіне сәйкес, блогердің заңсыз қызметтен түскен табысы 100 миллион теңгеден асқан. Алынған қаражат криптовалюта әмиянына аударылып отырған.
Осы жылдың басында Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Вьетнамнан видео жариялаған
Айта кетейік, блогер 1 мамыр күні әлеуметтік желідегі оқырмандарына Вьетнамнан видеоүндеу жолдаған. Онда ол Нячанг қаласында еркін жүріп-тұратынын және ешкімнің оны ұстамағанын айтқан.
Алайда бұған дейін, сәуір айында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Қайсар Қамзаның Вьетнамда Интерпол мен жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуымен ұсталғанын хабарлаған еді.
Қазіргі уақытта оны Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.
Еске салсақ, 2026 жылғы 6 мамырды ҚР ІІМ Қайсар Қамзаға қатысты пікір білдірген болатын.