Президент волонтерлікпен айналысып жүрген еріктілерге ризашылығын білдірді

Тоқаев еріктілерді қолдап, ел болашағы білімді әрі белсенді жастардың қолында екенін атап өтті.

 Ақорда 19 Қыркүйек 2026, 15:56
19 Қыркүйек 2026, 15:56
134
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер жастармен кездесіп, еріктілер қозғалысының ел өміріндегі маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы 2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына Қазақстанның бастамасы себеп болғанын айтты.

Cіздер – жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі.   Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ Президент волонтерлік қызметке тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда, еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын!   Сондай-ақ мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен елімізде «Таза Қазақстан» бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айттым   Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады.   Мұның бәрі Қазақстанның дүние жүзіндегі озық үрдістерді терең түсініп, заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Осылайша, еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға өзінің елеулі үлесін қосып отыр.   Еліміздің болашағы – сіздер сияқты білімді, белсенді, көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында!   Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын!   Баршаңызға амандық және сәттілік тілеймін! - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Наверх