Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтті. Жарыссөзде олардың адвокаты Гаухар Айтжанова сөз сөйлеп, айыптау тарабының уәждеріне қарсы дәлелдерін келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорғаушының айтуынша, айыптау тарапы бұл істе басқа блогерлерді мысалға келтіріп отыр.
Мәселен, Қазақстандағы блогерлердің бірі курстар сату деген желеумен 1 миллиард 200 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Ол құны 300 миллион теңге тұратын үйді ұтысқа қойып, жазылушыларынан 1,5 миллиард теңге жинаған. Құқыққа қайшы әрекетті түсіне отырып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылу ықтималдығын біле тұра әрекет еткен. Алайда бұл істе айыптау тарапы басқа бір блогерді мысалға келтіреді. Жалпы, нақты аты-жөні көрсетілмеген тұлғаларға сілтеме жасау қаншалықты орынды? Әрине, сөз Дархан Жолшыбеков туралы екенін бәріміз түсінеміз. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Егер айыптау логикасына сүйенсек, онда Жанабылов пен Төлегенова да әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс еді, – деді адвокат.
Гаухар Айтжанова сотта өз қорғауындағы азаматтардың әрекетіне қатысты да пікір білдірді.
Менің қорғауымдағы тұлғалар – алаяқ емес. Бұл – осындай санаттағы қылмыстық істе алғашқылардың бірі, – деді ол.
Қорғаушының сөзінше, айыпталушылар ықтимал жауапкершілік туралы білген жағдайда мұндай әрекетке бармас еді.
Егер олар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін білсе, мұндай қадамға барар ма еді? Үш баласы бар отбасының саналы түрде сотталушылар орындығына отыруы мүмкін екенін түсіне отырып, әдейі тәуекелге барғанын елестету қиын, – деп уәж келтірді адвокат.
Сондай-ақ қорғаушы ұтыс ойынының қай жерде өткеніне қатысты айыптауға да тоқталды.
Мемлекеттік айыптаушы ұтыс ойыны айыпталушылардың жеке парақшаларында өтті деп дәлелдеуге тырысты. Алайда шын мәнінде ұтыс «Жаңа Бизнес» ЖШС сайтында ұйымдастырылған. Мұны сотта көрсетілген бейнематериалдар да растайды. Әр бейнероликте аталған сайтқа сілтеме берілген. Сонымен қатар айыптау тарапы Жанабылов пен «Жаңа Бизнес» ЖШС арасында шарттық қатынас жоқ дейді. Бірақ іс материалдарында екі тарап арасында жасалған келісімшарт бар. Ал жарнамалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жалған жасалды деген тұжырым шындыққа сәйкес келмейді, – дейді Гаухар Айтжанова.
Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан жауап алып, ақша қозғалысы мен банк шоттарына қол жеткізуге қатысты айыптау уәждеріне күмән келтірді.
Жанабылов ісінде 100 млн теңге қаржы қалай жұмсалғаны айтылды.
Бүгінгі сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы оларға мүлкін тәркілеумен қатар нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сондай-ақ, прокурор Олжас Хайруллаев Жанабыловтар ісі блогерлерге сабақ болуы тиіс екенін айтты.
Тергеуші Жанабыловқа жала жабу бабы бойынша іс қозғауы мүмкін екенін ескертті.