Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті

31 Тамыз 2023, 15:20
2427
Бөлісу:
Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті
Фото: BAQ.KZ - архив

Ертең, 1 қыркүйек күні жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау соғылады. Жазғы каникул аяқталуға жақын қалғанда ата-аналар балаларын мектепке әзірлей бастайтыны белгілі. Биыл баланы мектепке қамдауға қанша теңге жұмсадыңыз? Осы сұрақты ата-аналарға қойып көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан биыл 18,7 миллиард теңге бөлінді. Осылайша әр баланы дайындауға 40 мың теңгеден аса қаржы берілді.

Одан бөлек, жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында да көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар тегін таратылды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жаңа оқу жылының басында кеңсе тауарларының бағасы қымбаттап кеткен. 

Былтырдың шілде айымен салыстырғанда кеңсе тауарларының бағасы 2023 жылдың шілдесінде 64,4% қымбаттады. Атап айтқанда, мектеп дәптері – 77,2%, қалам – 38,6%, түсті қарындаштар – 41,9%, сурет альбомы – 44,1% қымбаттады.

Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті

Депутаттар балаларын мектепке дайындауға қанша теңге жұмсаған?

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден баласын мектепке дайындауға 200 мың теңгедей қаржы жұмсаған.

Оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Бала-шағасы бар отбасылар мектеп қамына кірісіп те кетті. Биыл кенжеміз мектепке баратын болғандықтан, біздің үйде де дайындық қызу жүріп жатыр. Шыны керек, ең қажетті киім мен негізгі заттардың өзіне 200 мың теңгеге жуық ақша кетті. Атап айтқанда, мектеп формасына кіретін киімдер, спорттық киім, аяқ киім, рюкзак және кеңсе заттары. Сыртқы киім бұл тізімге кірген жоқ. Бірақ соның өзінде осындай сома шықты, - деп айтты депутат.

Оның сөзінше, мектеп жасындағы бірнеше баласы бар отбасыларға бұл кезең оңайға соқпайтыны рас. Жалпы елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар.

Сондай-ақ биыл әлеуметтік тұрғыдан осал, көпбалалы отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам балаға Үкіметтен 40 мың теңге шамасында материалдық көмек беріледі. Әрине бұған баланы қажетті заттармен толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ ең болмағанда осы ақшаға кеңсе заттары алынса да, сәл де болсын көмек. Сондықтан жауапты органдар аталған материалдық көмекке мұқтаж отбасыларға барынша көңіл бөліп, қолдау көрсету керек. Ешбір бала назардан тыс қалмағаны абзал, - деді Қарақат Әбден.

Ал депутат Нұргүл Тау баласын киіндіруге 100 мың теңге кеткенін айтты.

Қазір мектеп формасының қанша теңге тұратынын білесіздер. Оған 60 мың теңгедей кетті. Ал қалам, дәптерлерді қосқанда жалпы 100 мың теңгедей жұмсадым. Бұл бір балаға. Қарапайым отбасыға бұл қиын, - деді Тау.

Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті

Бір балаға кемінде 150-200 мың теңге кетеді

Елордалық ата-ана баласын әлі толық қамдап үлгермегенін айтты.

Үш балам бар. Үлкендерім студент. Кенжем 8-сыныпқа өтті. Мектепке керекті заттарын әлі сатып алып бітпедім. Себебі үлкендерімді жоғары оқу орнына дайындадым. Бірақ кейбір киім-кешектерін алдым. Мысалы бомбер 13 500 теңге, екі жейде 8 000 мың теңдеден түсті. Оған қоса, әлі спорттық киімін, аяқ киімін алу қажет. Оның өзі де арзан емес. Кеңсе тауарларына шамамен 10-15 мың теңге кетеді деп ойлаймын, - деді Самал Алманова.

Ол елордалық бір балаға шамамен 150 000-200 000 теңге кететінін айтты.

Ал түркістандық ата-ана мектепке баратын екі қызын киіндіруге шамамен 160 мың теңге жұмсаған.

1 қыркүйекке дейін балаларға керекті заттарының бәрін алып беруге тырыстық. Былтыр екі қызымның мектеп формасына, кеңсе тауарларына 100 мың теңгедей жаратқанбыз. Биыл қымбат киім алмағанның өзінде әрқайсысына 80 мың теңгедей кетті. Бантиктерінің өзі 1500 теңгеден тұрады. Ақ жейдені 6 мың теңгеден алдым. Ал аяқ киімдері 7 000-8 000 теңгеден. Бұл күздік киімдері. Бала болғаннан кейін тез өседі. Алда қыс келе жатыр. Күздік киімдерін түгелдеп болғаннан кейін қыстық киімдерін аламыз. Бір дәптердің өзі 25-30 теңгеден тұрады, - дейді түркістандық Айжан есімді ата-ана.

Ол мектеп тауарларының бағасы жыл сайын көтеріліп жатқанын айтып, шағымданды. Себебі әр балаға 80 мыңнан жұмсау көбінің қалтасын көтере бермейді. Ол кей отбасыда мектеп жасында екі ғана емес, одан да көп бала бар екенін айтты.

Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті

Мектепке керек-жарақтар қанша теңге?

Танымал банк қосымшасындағы интернет-дүкендерде кеңсе тауарлары қанша теңге тұратынын көрдік.

  • дәптер 25-35 теңге (әр өңірде әртүрлі)
  • қалам 50-60 теңгеден
  • қарындаш - 12 данасы 310 теңге
  • өшіргіш 78 теңге
  • дәптер қаптамасының 25 данасы 482 теңге
  • қалам ұштағыш 180 теңге
  • күнделік 625 теңге
  • сызғыш жинағы 245 теңге
  • кітап қаптамасы – 20 данасы 1440 теңге.
Баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетті

Мектеп формасы қандай болуы керек?

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілген болатын. Осылайша оқушыларға ыңғайлырақ киім, дәлірек, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілді.

Қыздарға да, ұлдарға да рұқсат етілген мектеп формасының қатарына түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады.

Ұлдарға арналған мектеп формасы:

пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет.

Қыздарға арналған мектеп формасы:

пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет.

Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды. Галстук тағу да міндеттелмейді.

Өзгелердің жаңалығы