Оқу жылына дайындық үшін әр балаға 40 мың теңге беріледі

4 Тамыз 2023, 13:18
31820
Бөлісу:
Оқу жылына дайындық үшін әр балаға 40 мың теңге беріледі
Фото: Арман Мухатов - архив

Жаңа оқу жылына дайындық үшін көмекке мұқтаж отбасы балаларының әрқайсысына 40 567 теңге беріледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның сөзінше, қаражат ата-аналардың шотына аударылады. Мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан биыл 18,7 миллиард теңге бөлінген.

Ақшалай көмек ата-ана қамқорлығынан айырылғандарға, жетім балаларға, АӘК алатын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аз, әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға беріледі, - деді спикер.

Еділ Оспанов былтырдан бастап ата-аналар көмек қаражатына оқу құралдары мен кимдерді өз бетінше таңдап, сатып алу мүмкіндігіне ие болғанын айтады. 3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде 200 мың баланың есепшотына 8,2 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды.

Ақша аудару жұмыстары жалғасып жатыр. Көмекті алу үшін ата-аналар мектеп директоры атына өтініш жазуы керек. Қажетті заттарды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты да ұсынуы шарт. Биыл бір балаға көмек көрсетудің жоғары мөлшері Павлодар облысында анықталды. Аталған өңірде оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуға қажетті ақша - 47 300 теңге, - деді оқу-ағарту вице-министрі.

Өзгелердің жаңалығы