Балаева Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты өзгерістерді түсіндірді

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сай Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның күші жойылды.

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 09:32
Бүгiн 2026, 09:32
154
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы вице-премьер Үкімет отырысында мәлім етті.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сай Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның күші жойылды. Осыған байланысты кеше «Қазақстанның Халық Кеңесі» Хатшылығын құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Сондай-ақ бірқатар заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді. Оның аясында алғаш рет «этномәдени бірлестіктер» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалды, – дейді Балаева.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.

Қазақстан тарихында алғаш рет зияткерлік меншікке конституциялық деңгейде кепілдік берілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл креативті экономиканы дамыту үшін айрықша маңызды, өйткені зияткерлік меншік – креативті экономиканың негізгі іргетасы. Ол авторларға, суретшілерге, дизайнерлерге, кинематографистерге және креативті индустриялардың өзге де өкілдеріне шығармашылық еңбегін құқықтық қорғаудың сенімді кепілдіктерін қамтамасыз етеді, – дейді ол.

Вице-премьердің айтуынша, жаңа Ата заңда алғаш рет волонтерлік қызметті көтермелеу нормасының бекітілуі оның қоғамдық маңызын конституциялық деңгейде айқындап, азаматтық белсенділікті одан әрі дамытуға берік негіз қалады.

Бұл норманың Біріккен Ұлттар Ұйымы Мемлекет басшысының бастамасымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы маңызы ерекше. Президент тапсырмасы бойынша Волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы және Экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленуде.

«Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылады. Бұл іске барлық қоғам өкілдері атсалысады. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде заң үстемдігі орнығып, жауапты әрі әділетті қоғам құруға берік негіз қаланады. Сонымен қатар Конституцияның жаңа нормаларын іске асыру аясында волонтерлік қызметті ынталандырудың қосымша тетіктерін енгізу көзделуде. Нақтырақ айтсақ, волонтерлік қызметті цифрлық есепке алу және растау жүйесін дамыту, «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау кезінде волонтерлік қызметті ескеру, жұмысқа орналасу барысында волонтерлік өтілді назарға алу, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысатын волонтерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетігін енгізу және басқа да қолдау шаралары жоспарлануда, – деді Балаева.

Сондай-ақ ол Конституцияда «Некенің ер адам мен әйел адам арасындағы ерікті және тең құқықты одағы» екендігі нақты бекітілгенін атап өтті.

Осыған орай Министрлік неке және отбасы саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың, Ұлттық комиссия мүшелерінің, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр, – деді вице-премьер.

Балаева діни салада қолданыстағы бірқатар қағидаттарға конституциялық мәртебе берілетінін айтты.

Атап айтқанда, мемлекеттің зайырлы сипаты, заң алдында бәрінің теңдігі және діннің мемлекеттен бөліну қағидаты бекітілді. Бұдан бөлек, рухани білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты да конституциялық деңгейде айқындалды. Өз кезегінде, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды жаңа Конституцияға сәйкестендіру жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша жұмыс жасалуда, – деді ол.

Вице-премьердің сөзінше, Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президенттің мемлекеттік рәміздер, геральдика және мемлекеттік сыйлықтар мәселелері жөніндегі 2 Жарлығына, сондай-ақ Үкіметтің 5 қаулысына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Конституциялық реформаларды толық іске асыру мақсатында министрліктің 3 ведомстволық бұйрығы қабылданды, қазіргі уақытта тағы 101 ведомстволық бұйрыққа өзгерістер енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа конституциялық модельдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталып отыр, – дейді вице-премьер.

Айта кетейік, бүгін, яғни 1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Жаңа Конституцияның күшіне енуімен 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының күші жойылды.

Бұған дейін Аида Балаева жаңа Конституция мәдениетке деген көзқарасты түбегейлі өзгерткенін айтты.

Наверх