- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жаз аяқталуға жақын, ал құрылыстың бітетін түрі жоқ: Қопарылған жолдар алматылықтарды әбігерге салды
Жаз аяқталуға жақын, ал құрылыстың бітетін түрі жоқ: Қопарылған жолдар алматылықтарды әбігерге салды
Қаладағы бірнеше көшені аралап, жағдайды бақылап қайттық.
14 Тамыз 2026, 12:57
Қазіргі таңда Алматыда “Болашақ үшін жақсыны жасаймыз” деген калька аудармамен көше бойында ондаған плакат тұр. Оның негізгі себебі - жол жөндеу жұмыстары. Алматылықтар жаз бойы қаланың кейбір аймақтарында жол жөндеу жұмыстарынан шыққан шаңды жұтып жүруге мәжбүр болды. Жаз аяқталуға жақын, ал жөндеу жұмыстарының әлі бітетін түрі жоқ. Оқу жылы басталған уақытта алматылықтар күнінің жартысын жолда өткіземіз бе деп алаңдап отыр. BAQ.KZ тілшісі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлерді аралап, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Ең әуелі көзіміз Абай көшесінің бойындағы Сейфуллин даңғылымен қиылысқан жердегі жөндеу жұмыстарына көзіміз түсті. Төлқұжат бойынша бұл Алматы қаласындағы Абай даңғылы бойындағы Достық даңғылынан Розыбакиев көшесіне дейінгі аумақты көлік инфрақұрылымын қайта ұйымдастыру, қаланың көлік қаңқасын және жаяу жүргіншілер-көлік байланыстарын қалыптастыруды ескере отырып, кешенді талдау негізінде қайта жаңғырту (реконструкциялау) жобасы.

Артынша Сейфуллин даңғылының бойымен жүрдік. Мұнда да жол жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әсіресе жаяу жүргіншілер жүретін жол жабылып, тұрғындар шаң тозаңмен өтуге мәжбүр.

Көшенің кейбір бөліктері қазылып, жөндеу жұмыстарына қажет плиталарды жинастырып қойған.

Жол жөндеу тек көлік қозғалысына ғана емес, жергілікті бизнеске де қиындық туғызғаны байқалды. Себебі нысандарға кіреберіс жолдар жабылған. Ал ол жерге кіру үшін жолды айналып өту керек.

Ал көшенің бұл учаскесінде жаяу жүргіншілердің жолы тіпті жабылып тұр.

Ресми құжат бойынша, Алматы қаласында Сейфуллин көшесінің бойындағы қоғамдық кеңістікті қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жоба Алдар Көсе көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықты қамтиды.
Бір байқағанымыз жолдың бір бөлігінде жаяу жүргіншілер жүретін жол қарастырылмаған. Сондықтан мұндай учаскеден өту қауіпті болуы мүмкін.

Жоспарға сәйкес, аумақта жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жасыл аймақтар көбейтіледі, демалыс орындары мен көше инфрақұрылымы ретке келтіріледі. Әзірге жаяу жүргіншілер өтетін жолдың сиқы осы.

Нысан төлқұжатындағы мәліметке сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2026 жылдың наурыз айында басталған. Жобаны толық аяқтау осы жылдың желтоқсан айына жоспарланыпты.

Аты-жөнін атамауды сұраған алматылық тұрғын құрылыс жұмыстары қолайсыздық тудыратынын жасырмады. Ол жөндеу жұмыстары аяқталған күннің өзінде құрылыс келесі жылы қайтадан қазбау үшін бірден сапалы жасалса екен дейді.

Тағы бір тұрғын Абай даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер жүретін жолдағы плиталар бір қарағанда жаңа сияқты көрінетін дейді. Алайда қала билігі оларды да жаңарту керек деп шешкен.
Жап-жақсы тұрған плиталарды жаңартудың қандай қажеттілігі бар еді? Жазда Абай даңғылындағы сұлулықты тамашалап, жаяу жүрудің орнына қазылған жолдармен жүруге мәжбүрміз, - дейді алматылық тұрғын.

Сол жаққа бетті жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, тұрғындарға оң жақ бетте шағын жолмен жүруге тура келеді. Жол тар болғандықтан қауіп көп. Себебі қасыңнан самокат мінген жолаушылар жүйткіп өтуі мүмкін.

Бүгінде қалада LRT салу жобасы да қарқынды жүріп жатыр. Қала билігінің мәліметінше, LRT желісін салу жобасы аясында бүгінгі күнге дейін барлық инженерлік коммуникацияларды көшіру жұмыстары аяқталды. Олардың қатарында кәріз жүйелері, су құбырлары және газ желілері бар. Салдарынан Момышұлы (Мөңке биден бастап), Төле би көшелерінің бойы (Абылай хан көшесіне дейін) кептеліс байқалады.
Әлеуметтік желіде тұрғындар Сейфуллин мен әл-Фараби қиылысындағы құрылыс жұмыстары кезінде адам қауіпсіздігі екінші орынға қойылғанына наразы болған.

Ал қала әкімдігі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде Сейфуллин даңғылы мен Әл-Фараби даңғылының қиылысында жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз айналма өту жолы қарастырылған дейді.

Сонымен қатар, мердігер ұйымға жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, құрылыс аумағын тиісті деңгейде қоршау және қажетті ақпараттық белгілерді орналастыру, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша нұсқама беріліпті.
Дегенмен тұрғындар "Болашақ ұрпақ үшін жақсыны жасаймыз" деп жар салған қала билігі көшелерді жылда қопармаса екен деген ниет білдірді.
Ең оқылған:
- Қазақстан туралы даулы мәлімдеме жасаған ресейлік блогер елден шығарылды
- Жамбыл облысында жүкті әйелін зиратқа апарып, ұрып-соққан ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды
- Жақсы жұмысқа орналасу үшін Астана мен Алматыда оқу міндетті ме?
- Жердің миллиондаған тұрғыны Күннің толық тұтылуын тамашалады
- Жаңбыр, найзағай: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Сымбат Сатыбалдина