2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты қазақстандықтарды елдің конституциялық дамуындағы жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясының күші жойылды.
Конституциялық Соттың мәліметінше, жаңа Ата Заң Конституция үстемдігін нығайтып, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтуді, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуді, мемлекеттік билік органдарының жауапкершілігін арттыруды және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Конституцияда алғаш рет мемлекеттің негізгі қағидаттары ретінде егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, заң мен тәртіп үстемдігі, адам құқықтарын сақтау, ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім, ғылым, инновация, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны қорғау және қоғамдық диалогты дамыту сияқты құндылықтар бекітілді.
Сонымен қатар, Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық құрылымы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны өзгермейтіні конституциялық деңгейде тағы бір мәрте нақтыланды.
Жаңа Конституцияда адам құқықтарын қорғау тетіктері де едәуір күшейтілген. Атап айтқанда, ұсталған сәттен бастап қорғаушының көмегіне жүгіну құқығы, сот бақылауы, өзіне және жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу құқығы, кінәсіздік презумпциясы, заңдардың кері күшіне жол бермеу қағидаты сияқты кепілдіктер негізгі құқықтар ретінде бекітілді.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу міндеті, зияткерлік меншік пен дербес деректерді қорғау, цифрлық құқықтар және экологиялық жауапкершілік алғаш рет конституциялық деңгейде көрініс тапты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган ретінде құрылып, мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктердің жаңа үлгісі айқындалды.
Конституциялық Сот жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа кезеңін бастап, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету ісіндегі негізгі құқықтық негіз болатынын атап өтті.