«Әзіл шығар деп ойладым»: Ұлдана Мырзуанның күйеуі сотта сол күнгі оқиғаны айтып берді

20 Тамыз 2026, 12:00
АВТОР
 Жоғарғы сот 20 Тамыз 2026, 12:00
20 Тамыз 2026, 12:00
324
Фото: Жоғарғы сот

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта марқұмның күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші ретінде жауап беріп, қайғылы оқиға болған 8 қарашадағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әділет Зейнелдің айтуынша, оқиға болған күні ол жұбайымен бірге таңертең жұмысқа шыққан. Ұлдана Байқоңыр аудандық жедел жәрдем станциясында күндізгі ауысымға, ал өзі бірінші қалалық ауруханадағы кезекшілікке барған.

Таңғы сағат 6:30 шамасында жұмысқа шықтық. Сағат 7:45-те екеуміз де өз жұмыс орындарымызда болдық. Кейін ол маған хабарлама жазды. Сағат 8:00-де бізде жоспарлы операция басталды, мен операцияға кіріп кеттім. Одан кейін біраз уақыт хат алыспадық, – деді ол сотта.

Оның сөзінше, шамамен сағат 8:30-да операциядан шыққаннан кейін жұбайымен қайтадан хат алмасқан. Ұлдана сол кезде шақыртуға бара жатқанын айтқан.

Мен өз жұмысымды істей бердім. Сағат 10:00 шамасында ол маған қандай да бір құлау жағдайы болғанын, науқасты біздің ауруханаға жеткізуі мүмкін екенін жазды. Осыдан кейін сөйлеспей кеттік. Ол хабарлама жазуды тоқтатты, – деді Әділет Зейнел.

Жәбірленушінің айтуынша, шамамен сағат 10:50-де оған қалалық аурухананың ішкі телефоны арқылы қоңырау түсіп, әйелінің (Ұлдана Мырзуан - ред.) бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жатқанын хабарлаған.

Маған «әйелің бірінші қалалық ауруханада, қабылдау бөлімінде жатыр. Төмен түсіп, оны таны» деді. Мен мұны әзіл шығар деп ойладым. Өйткені бұған дейін ол маған өзі хабарлама жазған еді. Сондықтан бірден мән бермей, жұмысымды жалғастыра бердім, – деді ол.

Арада бес минут өткен соң, сағат 10:55 шамасында оған анасы телефон шалған. Әділет Зейнелдің айтуынша, анасы бұған дейін бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жұмыс істеген. Оның бұрынғы әріптестері Ұлдананың ауруханаға жеткізілгенін айтып, хабарласқан.

Анам маған қабылдау бөлімінде оны танығанын және әйелімнің шок палатасында жатқанын айтты, – деді жәбірленуші.

Осыдан кейін Әділет Зейнел операциялық бөлімнен төмен түсіп, қабылдау бөліміне барған. Оның айтуынша, Ұлдана ауруханаға белгісіз адам ретінде жеткізілген.

Екінші қабаттағы операциялық бөлімнен бірінші қабатқа түстім. Оны таныдым және оның менің әйелім екенін айттым. Өйткені оны белгісіз адам ретінде жеткізген, – деді ол сотта.

Сот отырысында Әділет Зейнел марқұм Ұлдана Мырзуанның өзінің жұбайы болғанын атап өтті.

Сотта жәбірленушінің жауабынан кейін прокурорлар оған сұрақ қойып жатыр. Іс бойынша сот талқылауы жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін адвокат судьяға қарсылық білдірді. Астана соты өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх