Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуан ісі бойынша сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тараптың судьяға қарсылық білдіру туралы өтініші қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот отырысында сотталушының адвокаты Асхат Алимов судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді. Қорғаушының айтуынша, ол қылмыстық іске келісім бойынша 2026 жылғы 20 тамызда ғана кіріскен. Осыған байланысты адвокат соттан сот талқылауын кейінге қалдырып, қылмыстық іс материалдарымен толық танысуға уақыт беруді сұраған.
Алайда оның бұл өтініші қанағаттандырылмаған. Адвокат мұндай шешім өзінің қорғаушы ретіндегі құқықтарын шектеп, сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғалу құқығына нұқсан келтіреді деп есептеген.
Осыған байланысты қорғаушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабы 1-бөлігінің 6-тармағына сілтеме жасап, судьяның істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болуы мүмкін екенін алға тартты.
Сот тараптардың пікірін тыңдап, қорғаушының уәждерін қарады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаевтың айтуынша, Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабының 1-бөлігінде судьяға қарсылық білдірудің негіздері нақты көрсетілген. Бұл негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңейтілген түсіндіруге жатпайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабы 1-бөлігінің 6-тармағына сәйкес, егер судьяның осы іске жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі екендігін пайымдауға негіз болатын өзге де мән-жайлар болса, ол істі қарауға қатыса алмайды, – деді Самат Сембаев.
Сот өкілінің түсіндіруінше, аталған нормадағы судьяның жеке, тікелей немесе жанама мүдделілігі судья істің нәтижесіне нақты мүдделі болған жағдайда ғана болады.
Ал бұл жағдайда қорғаушының қарсылық білдіруіне негіз болған жағдай – адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту туралы қабылданған процестік шешім.
Сот мұндай шешімнің судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін білдірмейтінін атап өтті.
Бұл жағдайда қарсылық білдіруге негіз ретінде адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырудан бас тарту түріндегі процестік шешім қабылдануы көрсетілген. Алайда мұндай шешім судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделілігі ретінде бағаланбайды, – деді сот төрағасының міндетін атқарушы.
Оның айтуынша, қорғаушы судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін растайтын жеткілікті дәлел келтірмеген.
Сот сондай-ақ адвокаттың судья қабылдаған процестік шешіммен келіспеуі өздігінен судьяға қарсылық білдіруге негіз болмайтынын түсіндірді.
Сот талқылауы барысында қабылданған шешімдермен келіспеген жағдайда, оларды даулаудың заңда белгіленген өзге тәртібі бар. Атап айтқанда, сот шешіміне қатысты қарсылықтар түпкілікті қабылданған сот актісіне берілетін апелляциялық шағымда немесе прокурордың наразылығында көрсетілуі мүмкін.
Сот қорғаушының судьяның іске мүдделі екені туралы уәждерін оның субъективті пікірі деп бағалады. Сондай-ақ қорғаушы тараптың судьяның алдағы процестік әрекеттеріне қатысты болжамдары да судьяға қарсылық білдіруге жеткілікті негіз бола алмайтыны айтылды.
Сот отырысында судьяға қарсылық білдірудің басқа да негіздері келтірілмеген. Соттың өзі де мұндай негіздерді анықтамаған.
Осыған байланысты сот қорғаушы, сотталушы Сәуле Жұбаниязованың адвокаты Асхат Алимов мәлімдеген судья Абаеваға қарсылықты негізсіз деп таныды.
Нәтижесінде судья Абаеваны қылмыстық істі қараудан шеттету туралы адвокат Асхат Алимовтың өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот қаулысына шағым жасауға жатпайды. Сонымен бірге қаулымен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымға немесе прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты айыпталушының адвокаты сотқа қарсылық білдіргені хабарланды.