БАӘ прокуратурасы flydubai әуе компаниясының Дубай – Тель-Авив бағыты бойынша ұшағындағы екінші ұшқыштың командирге шабуыл жасауын теракт жасауға әрекет деп бағалады. Тергеу мәліметінше, ол авариялық балтаны пайдаланып, ұшақты басқаруды басып алуға тырысқан.
Бас прокурордың айтуынша, екінші ұшқыш өз жоспарын ұшу кезінде іске асыра бастап, кабинада командирге шабуыл жасаған.
Тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер оқиғаның мән-жайын, себептері мен оған қатысты болуы мүмкін байланыстарды анықтап, техникалық сараптамалар жүргізіп, заттай және цифрлық дәлелдерді талдап жатыр. Қорытынды нәтижелер барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін жарияланады.
Оқиға қалай болды?
Оқиға 30 қыркүйек күні таңертең Дубайдан Тель-Авивке FZ1073 рейсімен ұшып бара жатқан Boeing 737 ұшағында болған. Ynet мәліметінше, бортта 174 жолаушы, оның ішінде 27 бала болған.
Ұшақ әуелі жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін әуе кемесіне заңсыз араласу немесе оны басып алуға қатысты жағдайларда қолданылатын 7500 кодын берген.
Flightradar24 мәліметінше, ұшақ бір минут ішінде шамамен 10 мың метр биіктіктен 4,5 мың метрге дейін төмендеген. Кейін бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясына бет алған. Мәскеу уақытымен сағат 9:58-де Табук әуежайына қонған. Ұшақты алып жүру үшін Израиль Әскери-әуе күштерінің жойғыш ұшақтары да көтерілген.
flydubai компаниясы жағдайды бортта болған әуе экипажы қызметкерлері бақылауға алғанын хабарлады. Олар бағытты өзгерту туралы шешім қабылдап, ұшақты Табукке қондырған.
Әуе тасымалдаушы компания барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіз екенін мәлімдеп, оларды алып кету үшін Сауд Арабиясына екі ұшақ жіберді.
Израиль билігі не деді?
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 30 қыркүйекте шабуыл жасаған ұшқыш ұшақты апатқа ұшыратуға тырысқан болуы мүмкін деп болжады. Келесі күні Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол Израильдің тергеуге қатысуы мүмкін екенін айтты.
Нетаньяхудың сөзінше, сол кезде күдікті Сауд Арабиясында жауап алынып жатқан. Кейін оны БАӘ-ге беруі мүмкін болған.
Күдікті туралы не белгілі?
3 қазанда ABC News дереккөздерге сілтеме жасап, шабуыл жасады деген күдіктінің Оман азаматы, 29 жастағы Хамам Әл-Хаммами екенін хабарлады.
Телеарна дереккөздерінің мәліметінше, 2024 жылы ол Oman Air компаниясында жұмыс істеп жүрген кезінде одан экстремистік материалдар анықталған. Осыдан кейін оған жұмысын әкімшілік қызметте жалғастыруға рұқсат берілген.
ABC News сонымен қатар 1 қазанда Әл-Хаммамидің Сауд Арабиясынан БАӘ-ге жеткізілгенін хабарлады.