АҚШ-та тұратын әйел бұрынғы жігітімен оның келісімінсіз жалған неке қиып, соның нәтижесінде қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі WGN TV басылымына сілтеме жасап.
Техас штатында тұратын 36 жастағы Кристин Мари Спирман пасторды күйеу жігіттің қатысуынсыз неке қиюға көндірген. Ер адам бұрынғы сүйіктісінің онымен заңды некеге тұрғанын тек пошта арқылы неке туралы куәлік алған кезде ғана білген. Ол дереу полицияға шағым түсірген.
Тергеу мәліметіне сәйкес, әйел бұрынғы серіктесімен 2 маусымда, яғни екеуінің қарым-қатынасы үзілмей тұрып, бірге алған неке лицензиясын пайдаланып, құпия түрде некеге тұру құжаттарын рәсімдеген. Енді оған қудалау (сталкинг) бабы бойынша айып тағылуы мүмкін. Бұл қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция бұл даулы некені рәсімдеген пастордың кім екенін әзірге жариялаған жоқ.
Бұған дейін күйеу жігіт қалыңдығын көріп, той үстінде есінен танып қалғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.