Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Испан ақыны Хусто Хорке Падрон келесі жылы 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланатын қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдерін өз тіліне аударады.
Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы айтты.
Айта кетейік, шілденің 4-5 күндері елорда әкімдігі мен Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы астана күніне орай «Еуразия астаналарының қаламгерлері» атты xалықаралық форум өткізеді.
«Біз әу баста әлем елдерінің астаналарының қаламгерлерін шақырғымыз келген. Оған ауқымы кеңейіп,көп қаржы кететін болғандықтан Еуразия кеңістігімен шектелдік. Басты мақсатымыз - елорданың әдеби имиджін көтеру. Қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен байланыстыру, таныстыру. Кеңес одағы кезінде біздің шығармаларды әлем елдерінің тілдеріне аудару, олардың әдебиеттерін өз тілімізге аудару өте жақсы жолға қойылған болатын. Тәуелсіздік алған тұста осы мәселе ақсап қалды. Одан бөлек "әдеби агент" деген бар. Бізде осы жағы кемшін. Сол үшін бұл форум ұйымдастырып жатырмыз. Қалалық әкімдік қолдау көрсетіп отыр. Басты қонағымыз - Испанияның ұлы ақыны Хусто Хорке Падрон», - дейді Дәулеткерей Кәпұлы.
Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Испан ақыны Абайдың өлеңдерін өз тіліне аударуға келісім беріпті.
"2020 жылы Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Осы ретте Абайдың өлеңдерін Испанияның ең атақты өз тіліне аударуға келісім беріп отыр. Ертең форумда меморандуға отырамыз. Басты сүйіншілеп айтатын жаңалығымыз осы", - дейді ол.