Ата-аналар жиналысқа баласын басқалардың көзінше талқылағанын есту үшін келмейді – Аймағамбетов

7 Маусым 2022, 15:03
1399
Бөлісу:
Ата-аналар жиналысқа баласын басқалардың көзінше талқылағанын есту үшін келмейді – Аймағамбетов
Фото: bilimdinews.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мектептердегі ата-аналар жиналысы мәселесіне тоқталды.

Алдыңғы жылы барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керегін айтып, тапсырма берген болатынбыз. Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқыламау керек. Ата-аналар жиналысқа баласын басқалардың көзінше талқылағанын есту үшін келмейді. Сол себепті ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшу керек. Мысалы, педагогтік консилиум форматы сияқты, - деді министр.

Ол әрбір ата-анаға педагогтен өз баласының жетістіктері мен әлсіз тұстары туралы толық ақпаратты ала алатындай жағдай жасау қажеттігіне тоқталды. Мысалы, қай пәннен үлгерімі жақсы, қай пәннен нашар және қандай тақырыптар бойынша қосымша жұмыс істеу керек сияқты мәселелерді айтып, жеткізулері қажет деп есептейді.

Министр атап өткендей, ата-аналардың жиналысын жаңа форматта жүргізу маңызды.

Бұған дейін Білім басшысы мектептерде әр дүйсенбі сайын оқушылар сапқа тұрып, Әнұранды айту дәстүрі жалғасуы керегін айтты.

Сонымен қатар әдістемелік нұсқау хатта бала білім ордасына келгенде оны директор алдынан қарсы алуы керегіне қатысты ұсыныс берілгенін де қоса кетті.

Өзгелердің жаңалығы