Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дүйсенбі сайын Әнұранды шырқайды

7 Маусым 2022, 14:44
4359
Бөлісу:
Жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дүйсенбі сайын Әнұранды шырқайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов осыған қатысты мектептерге жіберілетін әдістемелік нұсқау хатта тапсырма берілгенін айтты.

Мектептегі жақсы дәстүрдің бірі – әр апта сайын линейка өткізіп, еліміздің Мемлекеттік Әнұранын айту. Бұл да бұрыннан қалыптасып келе жатқан игі дәстүр. Бірақ оны барлық мектепте бірдей іске асырылып жатыр деп те айтуға болмайды. Сондықтан бұл мәселені биылғы әдістемелік нұсқау хатта жеке белгілеп, осы тапсырманы беріп жатырмыз, - деп айтты Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі бұл мәселенің маңызды екенін айтты.

Кеше ғана Мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Балаларымыздың Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға тәрбиелеу, жалпы оларды білу аса маңызды. Балаға Әнұранды айтуға балабақшадан, мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап тәрбиелеу керек. Сондықтан әр апта сайын дүйсенбіде оқушылар сапқа тұрып, Әнұранды шырқау дәстүрі болғаны дұрыс. Бұл жұмысты да басқа да мектептерде жалғастыру қажет, - деп түсіндірді бас ұстаз жиналыста.

Өзгелердің жаңалығы