Ата-аналар мектеп тауарларының сапасын қадағалай алады

24 Шілде 2019, 16:38
2448
Бөлісу:
Ата-аналар мектеп тауарларының сапасын қадағалай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мектеп тауарларының сапасын ата-аналар қадағалай алатынын айтты. 

Басқарма басшысы алдағы уақытта жалпыға міндетті білім беру қоры аясында мектептер ата-аналардың өтініштері негізінде қажет тауарлармен қамтамасыз ету үшін сатып алу рәсімдерін өткізетінін айтты. 

«Сондықтан осы конкурстарға қатысатын жеткізушілерге айтарымыз, жеткізілетін тауар сапасына қойылатын жоғары талаптарға көңіл бөлу керек. Себебі бізге ата-аналар тарапынан осы сұрақтар бойынша біраз жағымсыз шағымдар келіп түсіп жатыр. Сол себепті тауарларды қабылдау комиссиясына мектеп қызметкерлерінен бөлек ата-аналар кіретін болады», - деді ол. 

Сондай-ақ, қалада шілде айынан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу мақсатында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы жүргізіліп жатыр. 

«Қазіргі уақытта бізде осы акция аясында көмек алуға 3 мыңнан астам адам тіркелген. Қала тұрғындарының қолдауымен акция барысында көптеген бала көмек алады. Мысалы, өткен жылы 7500 балаға 153 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Сондықтан барлық демеушіге және акцияға атсалысқан азаматтарға зор алғысымды білдіргім келеді», - деді Жанғозин.

Бұған дейін, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарды атап шыққан болатын. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтандық бір оқушының мектеп формасының құны – 30 мың теңгеге жуықтайтынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы